Әлеуметтік серіктестер студенттерге қолдау көрсетті

677 Views

Студенттік өмір – әр адам өміріндегі қиыншылығымен, қызығымен есте қалатын кезең. Студенттерді қолдау мақсатында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, жас ұрпақты қолдау өте маңызды іс, өйткені мемлекеттің дамуы мен болашағы тікелей осыған байланысты.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев болашақ мамандар дайындау мәселелеріне аса зор мән беруді, халқымызға тән асыл қасиеттерді оларға сіңдіре отырып, ауылшаруашылығына қажетті маманның өндірісте жетіспей жатқандығын орынды атап көрсеткен еді.
Мен осы саланың өркендеуіне өз үлесімді қосып, болашақта білікті маман болу мақсатында ауылшаруашылығы саласын таңдадым. Қазіргі таңда Құлан агротехникалық жоғары колледжінің «Ветеринария» мамандығының 3 курс студентімін. Жақын арада озат оқыған және қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысқан студенттерге қолдау көрсету және ынталандыру мақсатында колледждің әлеуметтік серіктестері республикаға танымал кәсіпкер Балжан Қолдасова басшылық ететін «Шәушен» шаруа қожалығы, ауданымыздың танымал кәсіпкері Сәтжан Мамырбаев басқаратын «Қайқы» шаруа қожалығы, колледжімізбен біраз жылдар бойы әлеуметтік серіктестік қатынаста жүрген Айнагүл Абдраимова басшылық ететін «Алрай» шаруа қожалығы және кәсіпкер Ертіс Тұғылшиев басқарып отырған «Ердос» шаруа қожалығы 2020-2021 оқу жылына атаулы шәкіртақы тағайындады. Колледжіміз­дің әлеумет­тік серіктестері басшы­лары­ның тағайындаған шәкіртақысы біздің білім мен ғылымға деген құштарлығымыз­ды арт­тырары сөзсіз. Ал білім мен ғылымға деген құштарлық – ел болашағы­ның кепі­лі. Сондай-ақ, қолдау көрсеткен колледждің әлеуметтік серіктестеріне біздің алғысымыз шексіз.

Шемсие Ишмуратова,
Құлан агротехникалық жоғары колледжінің 3 курс студенті.

Поделиться ссылкой: