Шоқ тілді Шона
41 ViewsӨткен сәрсенбіде Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде белгілі сатирик Шона Смаханұлының 100 жылдығына орай Басқар Битанов атындағы халықтық театр ұжымының ұйымдастыруымен «Жүз шымшыма»…
Қазақтың ұлттық ойыны болып есептелетін асық ату спортының еліміздегі даму көрсеткіші өте жақсы деңгейде өріс алып келеді. Соның бірі ретінде жуырда Түркістан қаласында өткен ересектер арасындағы ел чемпионатын айтсақ та жарасады. Бұл чемпионатқа Жамбыл облысы асықты ұршықша иіретін сақа саңлақтарды іріктеп апарды. Сол дарабоз саңлақтардың қатарында жерлестеріміз Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Ескендір Тегешов пен Абай атындағы орта мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Ринат Гочаев та бар. Айта кетейік, асық атудан Түркістан шаһарында өткен ел біріншілігінде 13 облыстан команда жасақталып, оған 39 ойыншы қатысты. Осылардың арасынан үздік шығып, жалпы командалық есепте жүлделі I орын иеленген жамбылдық жампоздардың жеңістері ел есінде қалатындай-ақ нәтиже екені сөзсіз.
Еділбектің еншісінде II орын
Газетіміздің «Аламан» атты тұрақты айдарында бұған дейін де Еділбек Тайлақовтың көптеген жарыстардан жүлдемен оралып жүргенін жазған едік. Қазір Едекең жарысқа аттанса болды, оның жүлдесіз қайтпайтынын іштей топшылап та қоятын дағды қалыптасты. Ол жуырда тағы да жүлдемен оралды. Бұл жолғы жарыс анау-мынау емес, халықаралық дода. Жарыстың деңгейі әжептәуір болғандықтан жазып отырмыз. Әйтпесе, Еділбек Тайлақовтың жүгіру жарыстарындағы жеңіс жолы ұдайы газет бетінде жарияланып жүр ғой.
Қош. Сонымен Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында өткен тас жолда жүгіру марафонында 40-49 жас аралығында додаға қатысқан Еділбек Тайлақов 21×1 км қашықтықты 1 cағат 32 минут 40 секундта жүгіріп өтіп, жарыстың жүлделі 2 орын иегері атанды.
Жарайсың, Нұрданат!
Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының Тұрар Рысқұлов ауданындағы № 25 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде қызмет атқаратын білікті бапкер Асхат Телекеевтің шәкірті Нұрданат Айтанов Тараз қаласында еркін күрестен 2004-2006 жылғы жасөспірімдер арасында өткен ел чемпионатында 48 келі салмақ дәрежесінде топ жарды. Айта кеткеніміз жөн, балуан Нұрданат осымен Қазақстан біріншілігін 2-ші мәрте ұтып отыр. Яғни, ол бұған дейін де ел чемпионатында топ жарған. Айтпақшы, Нұрданат Айтанов Қытайдың Тайчжун қаласында өткен Азия чемпионатында да жеңімпаз болған спортшы. Жас чемпион Нұрданат Айтановтың бапкері Асхат Телекеевпен сөйлескенімізде шәкіртінің өте еңбекқор екенін айтты. Жалпы осы жарыста Нұрданат өзі белдескен ақтаулық Е.Серікке де, шығыс қазақстандық Ш.Умурзаковқа да, қызылордалық А.Құтынбаевқа да еш мүмкіндік берген жоқ. Нұрданат бұл жарыста да қарсыластарының барлығын оңай жеңіп, әлем чемпионатына қатысуға жолдама еншілеп алды.
Топтаманы дайындаған Марат Диханбай.