Жас та, жасамыс та оқитын «Жас Алаш»

528 Views

Елдің көкейіндегі сөзді төбедегі төрелердің назарына жеткізіп жүрген бірегей газет болса, ол басылым – «Жас Алаш». Өздеріңіз білесіздер, кезінде Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұлов секілді тума таланттар редактор болған жылдары «Жас Алаштың» атағы алысқа тарады. «Жас Алашта» сыни мақала жарық көрсе болды, әйтеуір шара қолданылатын. Әзірде солай. Яғни, басылым әуелгі бағытынан айныған жоқ. Міне, биыл сол оқырман сұранысына сай өзгеше реңкке бөленіп, шыншылдықты басты ұран еткен мерзімді баспасөз құралына 100 жыл толып отыр.
Жақында Қарақат ауылындағы № 2 шағын орталықты орта мектептің ұжымы ауылдық клуб ғимаратында «Жас Алаштың» мерейлі датасына орай ілкімді іс-шара ұйымдастырды. Шараға газеттің Жамбыл облысы бойынша меншікті тілшісі Нұрболат Әлдибеков, мектеп директоры Ербол Қайпулдаев және «Құлан таңы» газетінің тілшісі Жәнібек Базылбеков қатысып, газеттің қоғамдағы орны мен тарихы жайлы сөз қозғады. Іс-шара барысында мектеп оқушылары би билеп, мәнерлеп өлең оқыды. Кейіннен Нұрболат Әлдибеков оқушылар қойған сұрақтарға жауап берді. Оның сөзінше, «Жас Алашта» жұмыс істеу білімділікпен қатар өте жауапкершілікті талап етеді. «Құлан таңы» газетінің тілшісі Жәнібек Базылбеков те «Жас Алаштың» қоғамдағы беделі жайлы оябы бөлек әңгіме қозғады. Шара соңында Нұрболат Әлдибеков мектеп директоры Ербол Қайпулдаевқа газеттің мерейлі мерекесіне орай арнайы жасалған төсбелгі табыс етті.

М.Жолдасбекұлы.

Поделиться ссылкой: