Әлішер Ерғали: «Алтын бұйырмады. Біз бұнымен тоқтап қалмаймыз»

525 Views

Күрес түрлерінен Алматы қаласында өткен Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Азияның теңдессіз балуандары Алматыдағы «Балуан Шолақ» спорт сарайының бозкілемінде белдесті. Алдымен грек-рим күресінің шеберлері, содан соң әйелдер күресті. Ал одан кейінгі кезек еркін күрес шеберлеріне келді. Әсет Серікбаев баптайтын ұлттық құрама балуандары өз елінде өткен айтулы жарыста еркін көсілді. Оның ішінде 97 келі салмақ дәрежесінде күміс медаль жеңіп алған ауданымыздың мақтанышы, жерлесіміз Әлішер Ерғалидың финалдағы белдесуі өз алдына бөлек әңгіме десек жарасады. Жалпы, Әлішер Ерғалидың бойындағы күш-қуатын, бозкілемде еркін көсілетін шеберлігін ұлттық құраманың бас бапкері Әсет Серікбаев та отандық баспасөздердің біріне берген сұхбатында айтқан болатын. Теледидардан жерлесіміз финалда ирандық Али Халил Шабанибенгармен белдесетінін көргенде ішіміз бірдеңені сезгендей-ақ еді. «Қалай болар екен?» деген де сұрақ тұрды көкейде. Алайда, ақтық кезеңдегі белдесуін тәп-тәуір-ақ бастап еді біздің балуан. Ұпай да алды. Қарсылас қарап қалсын ба? Ол да небір аламанды көрген әккі балуан емес пе? Ирандық балуандар қашан оңай жеңіле салып еді. Біз көрмеппіз шыны керек. Бірақ есеп 12:2 болмауға тиіс еді. Жерлесіміз бар күш-жігерін сарқып күресті, әрине. Бірақ нәтиже осындай.
Иә, Әлішер мықты балуан. Жастығына қарамастан талай дүбірлі додаларда атой салып жүр. Оның ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласында күрес түрлерінен өткен әлем чемпионатында үздік бестікке еніп, 97 келі салмақ дәрежесінде Олимпиада ойындарына қатысуға ел қоржынына жолдама ұтып әпергенін де білесіздер. Дегенмен, «Әлішер осы жолы жеңіс шыңына шықса ғой» деген іштей тілегіміз болды. Бірақ олай болмады. Бұйырғаны күміс медаль. Белдесу аяталған соң «Қазспорт» телеарнасына берген сұхбатында жерлесіміз «Иә алғашқы кезеңде жасаған әдісіме екі ұпай бермеді. Екінші кезеңде қарсылас шаршаған, негізі. Әрине, енді алтын бұйырмады. Бұнымен тоқтап қалмаймыз. Алла қаласа әлі талай жарыстар бар. Біздің ең бірінші мақсатымыз – Олимпиада ойындары» деп жауап қайырды. 87 келі салмақ дәрежесінде белдесіп жүрген кезінде де Әлішер Ерғалидың жолын ирандық атақты балуан Хасан Яздани кесіп жүрді. Бұл жолы да тағы бір ирандық балуан жерлесіміздің жолына кесе-көлденең тұрды. Қашанғы осылай болар екен… Бұйыртса, ол күнді де көретін кез келер. Әлішердің өзі айтқандай, «жарыс мұнымен тоқтап қалған жоқ». Біз жерлесімізге сенеміз.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: