Мемлекеттік рәміздер – ұлт айнасы
Мемлекеттік рәміздер біздің егемендігіміздің мызғымас негізі, ел тәуелсіздігінің қасиетті біріктіруші бейнесі. Өткен аптада аудан әкімдігінің мәжіліс залында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздер туралы» мемлекеттік мекемелер мен аумақтық органдардың жетекшілеріне Заңнамалық нормаларды түсіндіруге арналған семинар өткізілді. Аталмыш семинарда мемлекеттік рәміздер туралы нормативтік-құқықтық актілерде көрсетілген талаптарды орындау, мемлекеттік рәміздерді пайдалану, насихаттау және қолдану тәртіптері жөнінде айтылды.
Кездесуге ауылдық округтер әкімі аппаратының мамандары, аудан әкімдігіне қарасты бөлімдердің жауапты мамандары қатысты. Семинар барысында сөз алған аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Ернұр Мадияров Мемлекеттік рәміздер Тәуелсіздігіміздің жарқын дәлелі екені, сондықтан оған деген құрметтің ерекше болу керектігін айта келіп, шараның мақсатына тоқталды:
– Мемлекеттік Ту, Елтаңба, Әнұран Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері болып табылады және мемлекеттік рәміздерді орналастырудың, оны қолданудың өзіндік белгіленген тәртібі мен талабы бар. Кей жағдайда сол талап орындалмай жатады. Бүгінгі семинарда мемлекеттік рәміздерді орналастыру мен қолдану тәртібі кеңінен түсіндірілетін болады, – деді Е.Мадияров.
Семинар барысында аталған бөлімнің бас маманы Өркен Тамшыбай «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін орналастыру және пайдалану тәртібі туралы» Заңына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы баяндама жасады. Баяндамашы Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін пайдалануды реттейтін заңнамалық актілерге тоқталды. Рәміздерді стандартқа сәйкес орнату және пайдалану, жарамсыз Елтаңбалар мен Туларды жою ережесімен таныстырды. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туына түнгі уақыттарда жарық түсіп тұру міндеттілігіне, Мемлекеттік рәміздердің стандарттық талаптарын сақтауға аса жауапкершілікпен қараудың маңыздылығына ерекше тоқталды.
Жиынға аудандық прокуратураның прокуроры Динара Айтбек қатысып, өз кезегінде рәміздердің белгіленген стандарттарға сай келуі мен орналасу тәртібінің маңызды атрибуттарын айтып өтті. Әрбір мекеме басшысы мемлекеттік рәміздерге ұқыппен қарап, уақытылы ауыстырып, егер ескірген болса жою жұмыстарын жүргізуге үлкен жауапкершілікпен қарау керектігін айтты.
Семинар еркін форматта өткендіктен, қатысушылар тарапынан түрлі сұрақтар қойылып, семинар ашық пікір-талас алаңына айналды.
«Құлан таңы» ақпарат.