Кәсіподақтың үздік бастауыш ұйымы

561 Views

Кәсіподақ ұйымы – сала қызмет­кер­лері арасында жоғары беделі бар, жұмысшылардың әлеуметтік-экономикалық, еңбек құқықтары мен заңды кәсіби мүдделерінің тиімді қорғалуын қамтамасыз етуші қуатты ұйым.
Қазақстан кәсіподақтар федерация­сының шешіміне сәйкес биылғы 2021 жыл «Бастауыш кәсіподақ ұйымы жы­лы» болып белгіленді. Осы­ған орай жуырда «Кәсіподақтың үз­дік бастауыш ұйымы» аудандық бай­қауы өтті. Кәсіподақ мүшелерінің еңбек және әлеуметтік-экономи­калық құқықтары мен мүдделерін қор­ғау жөніндегі бастауыш кәсіподақ ұйым­дарының қызметін жандандыру, ұйым жұмысының тиімділігін арттыру, білікті, белсенді төрағаларды анықтау мақсатын­да өткізілген сайыс­қа аудан­ның бірнеше бас­тауыш ұйымдары қатысты. Барлық санитарлық талаптар сақталып, байқауға қатысушылардың ара қашықтықты сақтап отыруына жағдай жасалды. Байқаудың алғашқы кезеңінде өтінім берген қатысушылардың жинақ портфолиолары зерделеніп, бағасы қойылды. Сондай-ақ, еңбек заңнамасы, ұжымдық шарт негізінде жасақталған тест сұрақтарына жауап беріп, бастауыш ұйымның жұмыс нәтижесі мен жұмысты ұйымдастырудағы оңтайлы әдістерімен таныстырды. Байқау соңы ситуациялық жағдаяттарды шешумен аяқталды. Барлық қатысушылар жоғары дайындықпен келіп, тәжірибелерімен бөлісті. Тартысты байқаудың қорытындысында жүлделі ІІІ орынды М.Әуезов атындағы тірек мектептің бастауыш кәсіподақ ұйымы мен Ақбұлақ орта мектептің бастауыш кәсіподақ ұйымы иеленді. Жүлделі ІІ орынды Абай атындағы орта мектептің бастауыш кәсіподақ ұйымы қанжығасына байласа, Қ.Сұлтанбеков атындағы орта мектептің бастауыш кәсіподақ ұйымы жүлделі І орынмен марапатталды. Ал бас жүлдені №1 мектеп-лицейдің бастауыш кәсіподақ ұйымы иеленіп, сайыс жеңімпазы атанды. Байқауға қатысушылардың барлығы дипломдар мен бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Ал байқаудың облыстық кезеңіне аудан атынан қатысқан №1 мектеп-лицейдің бастауыш кәсіподақ ұйымы 13 бастауыш кәсіподақ ұйымының ішінде жүлделі ІІ орынды иеленіп, үздіктер қатарынан табылды. Бірлік пен ынтымақтың арқасында ұжымның мерейі үстем болды. Аудан орталығындағы іргелі білім ошағын жеңістерімен құттықтаймыз.

А.Баймұратова,
аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрайымы.

Поделиться ссылкой: