Аладиннің шамы (Әңгіме)
Ертегідегі Аладиннің сиқырлы шамын көрген шығарсыздар. Аладин әмірші: «Жы…ы…ы…н, жыным. Шық бері!» десе болды құмырада жатқан Жын сыртқа шығады алып теректей боп. «Тағы не бұйырасыз, Тақсырым?» дейді жата жүгініп. Былай қарасаң, жын – орындаушы да, ал Аладин – бұйырушы. «Жетім қыз жез түйме қадаған, жесір әйел жүз қой айдаған» тыныш заман көзден бұлбұл ұшқалы қашан. Кейде осы бүгінгінің еркегі мен әйелінің арақатынасы Аладиннің шамына ұқсас па деп қаласың. Еркекті: «пірім» дейтін әйел заты азайып бара ма, қалай? Кеше ғана бір-бірімен өліп-өшіп қосылған ерлі-зайыптылар арасынан ала мысық өтіп кеткендей. Еркегі түн кезіп бөтен үйдің терезесін тықылдатып, әйелі бөгде еркектің қойнына жатып, шиеттей бала-шағаны тағдырдың талауына тастап кетіп жатқандар жайлы естігенде қараптан-қарап отырып ұйқың қашады, түрің бұзылады. Қазір Аладин бұйырса мейлі ғой, әлгі жын әйел боп өзіңе бұйыратын күн туған ба деп қаласың. «Қойшы, сонымен ер төсектен, әйел бесіктен безінген заман болды ғой» дейді көп жасаған көрші әжей. Сол кісінің ұйқысының шала боп жүргенін көрмейсіз, бірақ көршісінің үйіне түн жамылып қандай мәшін тоқтағанын, не үшін үйіндегі тепсе темір үзетін еркегін «заработкаға» жібергенін біліп отырады. Сонда деймін-ау, әйелі жын болмағанда не болады.
«Жасы сексенді алқымдап қалған бір апамыз жиырма бір құрсақ көтеріпті, солардың он екісінің көзі тірі екен» деген сөзді шау тартқан ауылдың абызының аузынан естігенім бар. Сонда қазыналы қарт: – Шіркін, заман-ай, десеңізші, әлгі ананың әулетіне бала бұтақтап қонған екен ғой,–деп еді. «Тіл-буынсыз, ой — түпсіз» деген осы-ау. Қазір томаша торғайдай тоғыз тауып жатқан алтын құрсақты аналар жоқ емес, бар ғой.
Саяқ әлгі қарттың сөзіне сүйсінді. Бірақ көңілінде бір алаң болып, қарияға: –Ақсақал, біздің қазақ баланы бесікке бөлегенде үстіне тон мен шапан жабады екен. Осының мәнісін айтыңызшы,– деп сұраған. Сонда әлгі абыз: – Балам халқымыз кебенекті бесікке баламыз батыр болсын деп, ал тон мен шапанды әділ болсын деп жапқан ғой,– деп еді. Сонда қалай, заман азды ма? Ілгеріде бір дәруіш: «Адамнан әділдік кеткенде құмырадағы жын сыртқа шығады» деген екен. Құдай жолында жүрген соң ба жетім-жесірге садақа бергенге бөлекше қарап, өзі де осы сауапты жолды ұстанып жүр. Кешегі күні аудандық газетті оқып отырып: «Дәл қазіргі таңда аудан бойынша бес мыңнан аса әйелімен ажырасқан ер азамат алимент төлейді»деген дерекке көзі түскен. Сонда қаншама бала әкесіз қалған, бұл сұмдық қой деп ойлаған. Бірақ құдай құмырадан шыққан жыннан сақтасын!» деді ішінен күбірлеп.
С. Қожеке.