Тәуелсіздіктің жетістіктері мен келешегі

833 Views

Тәуелсіздік – бабалар аңсауы, ұрпақтың қолы жеткен киелі кезең. Тәуелсіздік – таңбасы таста, қаны қара жердің тамырында жатқан құдіретті сөз.
Тәуелсіздік – азап пен төзімнің, халықтың сан ғасырлар бойы еркіндікті аңсаған шыдамының өтеуі. 1986 жылғы «Желтоқсан оқиғасы» тәуелсіздіктің, азаттықтың, демократиялық жаңғыртудың бастауы болды. Ол жас жігіттер мен қыздардың ар-намыс пен елдік рухтың жолында теңдікті талап еткен тегеуірінді күш-қайнарының тоғысқан шағы еді. Ел мен ұлттың тәуелсіздік құқын қорғау үшін бас көтерген желтоқсандықтардың бұл қадамы шын мәнінде ерлік болды. Міне, осы қанды оқиғадан кейін бес жыл өткен соң, Қазақстан тәуелсіздік туын тікті.
Биыл қастерлі де құдіретті Тәуелсіздігімізге – 30 жыл толады. Отыз жыл ішінде Қазақ елі етек-жеңін жиып, шекарасын бекітіп, өз алдына дербес зайырлы ел болды. Бұл – қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Тарих тұрғысынан алғанда, отыз жыл – көзді ашып жұмғандай қас-қағым сәт. Дегенмен, бүл көптеген халықтар үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады. Біз де осындай жолдан өтіп келеміз.
Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде Қазақстан Республикасы әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани, ғылым-білім саласында үлкен табыстарға жетті. Еліміздің мұндай биік деңгейге көтерілуі, ең алдымен, Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ұшан-теңіз еңбегінің нәтижесі. Иә, Елбасы Қазақ елінің абыройы мен беделін асқақтатқан және әлемге әйгілі еткен саңлақ саясаткер екені даусыз. Оның есімі тәуелсіздік шежіресінде Қазақ мемлекеттігінің іргесін қалаған қайраткер ретінде жазылады. Бүгінгі Қазақстан – барлық жағынан әлемге танылған, бүкіл Еуропа төрін ұсынған, даңқы асып, айбыны асқақтаған мемлекет. Егеменді 30 жылда еліміз Елбасының жүйелі саясатының, халқымыздың даналығы мен парасаттылығының, қажырлы еңбегінің арқасында толағай табыстарға қол жеткізді. Тәуелсіз еліміз ширек ғасырға жуық уақыт ішінде қаржы дағдарыстарының қиындықтарына қарсы тұра білді, тұрақты даму жолына түсіп, биік белестерді бағындырды, әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына енді. Бұл еліміздегі 130-дан астам этностың ауызбіршілік пен ынтымақтастығы, бірлесе еңбек етуінің арқасында қол жеткізілген табыс. Яғни, Қазақ елі өлшеусіз табиғат байлығымен ғана емес, ең алдымен сан түрлі ұлттардан құралған халқының ауыз бірлігімен де аты шықты. Қазақ халқымен бірге әр түрлі этностардың да Отаны болып табылатын біздің еліміз бүкіл әлемге қоғамдағы татулық пен ынтымақтастықты сақтаудың, әр түрлі ұлттық мәдениеттер мен діндердің үйлесімді дамуына қамқорлық жасаудың жарқын үлгісін көрсетіп берді.
Бейбітшілік, келісім мен тұрақтылық жағдайында Қазақстан жылдам қарқынмен бүгінде дамудың даңғыл жолына түсті.
Азаматтығымыздың айшықты белесіне шыққанда әрбір саналы азаматты «Келер ұрпаққа қандай елді аманаттаймыз?», «Мемлекеттігімізді нығайта түсу үшін тағы не істейміз?» деген сауалдар толғандырары анық.
Біздің тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік. Тәуелсіздік – тәңірдің бізге берген үлкен бақыты, халқымыздың мәңгілік құндылығы.
Тәуелсіздігіміз тұғырлы, баянды болсын! Егемен еліміздің ұрпағының еңсесі биік болып, көк аспанда туымыз мәңгі желбіресін!!!

А.Сәрсеханұлы,
аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры.

Поделиться ссылкой: