Cыбайлас жемқорлыққа қарсы арнайы мониторингтік топтың отырысына
Жемқорлыққа жол беруге болмайды
Cәрсенбі күні аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудандық сыбайлас жемқорлыққа қарсы арнайы мониторингтік топтың отырысы өтті. Ауыл әкімдері мен аудан әкімдігінің бөлім, мекеме басшылары қатысқан жиынды мониторингтік топтың төрағасы Шорабек Атабаев ашып, жүргізіп отырды. Күн тәртібінде ауылшаруашылық саласында қызмет ететін органдардың жұмыстарына мониторинг жүргізу қорытындысы және атқарылып жатқан жұмыстары қаралды. Алдымен мониторингтік топтың мүшесі Қалдықұл Қойшыманов сөз алып, жүргізілген мониторинг қорытындысы туралы баяндап берді. Ол өз сөзінде аудан әкімдігінің ауылшаруашылығы бөлімі мен аумақтық ауыл шаруашылық инспекциясының 2017-2018 жылдары атқарған жұмыстарына мониторинг жүргізгенін, зерделеу барысында бірқатар кемшіліктер анықталғанын жеткізді. Соның ішінде субсидия, арзандатылған дизель отыны мен шаруашылық жүргізуші субъектілерін міндетті сақтандыру мәселелеріне айрықша тоқталды. Ал, мониторингтік топтың тағы бір мүшесі Мереке Ержанұлы орталық базардың алдындағы жабайы сауданың көрігін қыздырып тұрған саудагерлерді сынға алды. Ол жердегі тауарлардың сапасы мен адам ағзасына әсері ескеріліп жатпағанын айта келе, аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы тұтынушыларға ұсынылатын ауылшаруашылығы тауарларының сертификатсыз сатылуына жол бермеуі, аудандық жұмыспен қамту орталығы мемлекеттік кірістер басқармасымен бірлесіп жабайы саудамен айналысушыларды заңдастыру керектігі жөнінде ұсынысын жолдады. Алайда, аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Есболат Сыбанбаев базардағы сауда нүктелерінде отырған кәсіпкерлердің 90 пайызы кәсіпкерлік куәлігін алғанын тілге тиек етіп, базар сыртындағы уақытша сауда жасаушылармен жергілікті полиция айналысуы қажет деген уәж айтты.
Жиын барысында баяндама жасаған аудан әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Ерғазы Еспенов пен аудандық аумақтық инспекциясының мемлекеттік карантин бойынша инспекторы Мұхит Мешітбаевтар қызметтерін заң шеңберінде атқарып жатқандарын алдыға тартты. Дей тұрғанмен жіберілген кемшіліктері де бар екенін жасырмай, түзетуге уәде берді. Жарыссөз барысында Қазақстан Фермерлер одағының өзара сақтандыру қоғамдық тұтыну кооперативінің басшысы Үтілді Тойғанбеков мінберге көтеріліп, шаруашылық жүргізуші субъектілерін міндетті сақтандыруда ауылшаруашылығы бөлімімен қатар ауыл әкімдері де ұйымдастырушылық жұмыстарын жүргізіп, шаруа қожалық иелеріне сақтандырудың міндетті екенін түсіндіру керек дейді. Сонымен қатар, Абай ауылдық округінің әкімі Мұратбек Арыстанбеков, Қарақыстақ ауылдық округінің әкімі Оразалы Тәнкеев және аудандық “Құлан мал дәрігері” мекемесінің басшысы, мәслихат депутаты Серікбай Дәлібаевтар да сөз сөйлеп, ой-пікірлерін ортаға салды. Жиын соңында мониторингтік топтың мүшесі Қалдықұл Қойшыманов ауылшаруашылығы бөлімі мен аудандық аумақтық инспекцияға және ауыл әкімдеріне берілген ұсынымды оқыды. Оған қоса аудандық қоғамдық денсаулық сақтау мен мемлекеттік кірістер басқармаларына, халықты жұмыспен қамту орталығы және жергілікті полицияға қатысты айтылған ұсыныстар да ұсынымға енгізіліп, тиісті мекемелерге жолданды.
Ерсайын ҚУАНДЫҚ,
аудандық сыбайлас жемқорлыққа қарсы
арнайы мониторингтік топтың хатшысы.