«ЖЕҢІС» САЯБАҒЫНА ЖИНАЛДЫ

791 Views

Көкдөнен ауылының орта­лы­ғын­дағы «Жеңіс» саябағына 9 мамыр күні ардагерлер, ауыл тұрғындары, сонымен қатар 1951 жылы туған түлектер келіп, Ұлы Отан соғысынан қайтпаған жауынгерлердің ескерткіш-монументіне гүл шоқтарын қойды. Осы рәсімді ауыл әкімі Төлеген Атабаев ашып, ауыл ақсақалдарының төрағасы Кәрім Ағыбаевқа сөз берді. Ол өз сөзінде 1941 жылы Көкдөнен мен Жақсылық ауылдарынан, дәлірек айтқанда сол кездегі Ленин атындағы колхоздан төрт жүзге жуық азаматтың Отан қорғауға аттанғанын айтты.
– Біз соғысты көрген жоқпыз, бірақ біздің әкелеріміз бен аталарымыз осы сұрапылды көрді. Мәселен, көкдөнендік Әбдірәсіл Мәткерімов ақсақал бір қолын майдан даласында қалдырып, туған жерге оралды. Сол сияқты Есмах Садырбаев, Әбік Тайлақов та елге Жеңіспен оралды. Ал, сол соғысты көр­гендер қазір арамызда жоқ. Мына Жақсылық ауылында Асаубай Сүлейменов ақсақал ғана қалды. Мен білетін Шұлғаубай ақсақал, Медербек кәрие көзі тірісінде майдандағы әңгімеле­рін мектеп оқушыларына айтып отыратын. Біз осы ақылы дария абыздарымыз­дың өсиет сөзін естіп өстік. Олардың майдандағы ерліктерін кейінгі ұрпақ ешқашан ұмытпайды,-деді.
Осыдан соң ауыл имамы Ұлы Отан соғысынан қайтпаған боздақтар мен майдангерлерге бағыштап құран оқыды.
Осы рәсімнен соң «Жомарт түлек» акциясы аясында 1951 жылы туылған бес түлек: Рахман Әбдіқадыров, Керімбай Кеметаев, Несіпбек Демесінов, Бұхар Әуелов және Үтілдә Тойғанбеков «Достар» саябағын ашып, оған 70 түп шырша көшетін әкеліп отырғызуды және субұрқақ орнатуды өз мойындарына алды. Кәриелер жаста­ры биыл 70-ке келгелі отырған азамат­тарға шын ризашылығын білдіріп, оларға ақ батасын берді.

С.Шамин.
Суретте: Көкдөнен ауылы орталығындағы
ескерткіш-монументке гүл шоқтарын қою рәсімі.

Поделиться ссылкой: