Жаңбырлатып суарудың тиімділігі

678 Views

Біздің аумақ аграрлы өңір бол­ғанымен, ауданда суармалы алқаптың аумағы аз. Бір сөзбен айтқанда, аудандық шаруалардың басым бөлігі жауын-шашын мен табиғи тау суына тікелей тәуелді. Бұл түйткіл тек біздің өңірде ғана емес, облыс бойынша өзекті мәселеге айналған.
Маңызды мәселені шешу бағытында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облыс әкімі Бердібек Сапар­баевқа арнайы тапсырмалар жүктеген де болатын. Бүгінде олардың бірқатары қолға алынып, суармалы жерлердің аумағы сәт сайын ұлғайып келеді.
Қазіргі таңда аудан басшылары суармалы жерлердің көлемін арттыру бағытында заманауи технологияларға баса мән беріп отыр. Нақтырақ айтар болсақ, біздің ауданның шаруалары егін алқаптарын бұрыңғыдай арықтар арқылы емес, жаңбырлатып суаруды жөн санаған. Ол үшін мемлекет ұсын­ған тиімді шартты қабылдап, он екі шаруа қожалық қытайлық қондырғы «Жаңбырлатып суару жүйесін» сатып алған. Солардың біріне «Тұлпар» шаруа қожалығының иесі Бейсенбай Таңбаев та қол жеткізіпті.
«Жаңбырлатып суару жүйелері» шаруаларға облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасына сәйкес Тараз «Әлеуметтік-кәсіпкерлік кор­порациясы» Акционерлік қоғамы арқылы жеңілдетілген жолмен берілген. Дәлірек айтар болсақ, 50 пайыздық субсидиямен сатылуда. Шаруалар қон­дырғы бағасының 10 пайызын алғашқы жарна ретінде төлеп, бес жылға рәсімдеп, қол жеткізе алады. Естеріңізге сала кетейік, несиеге алған жағдайда бір жылдық демалыс та қарастырылған. Лизингке берілетін суару жүйесі өтінімге қарай 55 560 000 теңгеге дейін 5 пайызбен беріледі.
Жауапты мамандардың айтуынша аталмыш қондырғыға қол жеткізу шарт­тары өте тиімді екен. Сондықтан болар, біздің ауданнан қытайлық қон­дырғыға 19 шаруа қожалық тап­сырыс беріп, 12-сі қол жеткізіп үлгерген. Бірақ, өкінішке орай олардың ешқайсысы әлі іске қосып, құрылғыны қолданбапты.
Күні кеше аудан әкімінің орын­басары Ерғазы Еспенов бастаған топ «Тұлпар» шаруа қожалығында қонақта болып, арнайы жиынға қатысты. Атал­мыш жиынға Ерғазы Еспеновтен бө­лек шаруа қожалық басшылары және аудандық ауылшаруашылығы бөлім басшысының міндетін уақытша атқарушы Әлдибек Туғанбаев, бас маман Еркебұлан Рахманқұл және Тараз «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Акцио­нерлік қоғамының аудандағы өкілі Ерғали Юнисов қатысты.
Жиын барысында жаңа қондыр­ғының жұмыс жасау жүйесі, қолдану ережелері жайында кеңінен ақпарат берілді. Оны Алматыдан арнайы келген мамандар бүге-шүгесіне дейін нақтылап түсіндіріп беріп, қондырғыны техникалық талаптарға сай құрастырып берді.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: