ОБЛЫС ҚЫЛҚАЛАМ ШЕБЕРЛЕРІ ҚҰЛАНҒА КЕЛДІ

834 Views

Табиғат көріністерін бейнелеуді қылқалам шеберлерінің тілімен – пленер деп атайды. Облыс орталығында осыған дейін Қазақстан Суретшілер Одағы облыстық филиалының құрылғанына 40 жыл толуына байланысты үлкен көрме ұйымдастырылып, ол жерге суретшілердің 90 туындысы қойылғаны туралы хабарды облыстық телеарнадан көріп, тамашаладық. Енді міне, сегіз қылқалам шебері, бәрі де Одақтың мүшесі көркем туындыларымен талғамды көрерменнің көзіне іліккен талантты да, таңдаулы қылқалам шеберлері Құланға келді.
Суретшілерді өзіміздің жерлесіміз Қазақ хандығының 550 жылдығына орай өткі­зілген мұғалімдер арасындағы аудан­дық «Қазақ хан­дары­ның порт­реті» атты сурет бай­қауы­ның жеңімпа­зы, республикалық, облыстық деңгейде ұйымдастырылған көрмелердің қа­тысушысы, 2019 жылғы 1 мау­сым­да өткен «Рухани жаңғыру» бағ­дар­ламасы аясын­дағы «Әулиеата бояу­лары» І халық шы­ғар­машылығы фестивалінің бас жүлдесінің ие­гері Қазақстан Сурет­шілер Одағының мүшесі Әлімжан Аманкелдіұлы Айымбеков өзінің туған ауылы Көгершінде қарсы алды. Енді олар біздің ауданымызда үш күн болып, өңіріміздің тарихи, мәдени орындарында, табиғаты әсем жерлерінде, Дулат баба кесенесінде болып көргендерін сурет­ке тартады.
Сапар соңында аудандық мәдениет бөлімі көрме ұйымдастырады. Майлы, акварельді бояумен сан түрлі сурет салып жүрген қылқалам шеберлерін облыстық филиал президенті, белгілі суретші Болат Құсайынов бастап келді. Олардың арасында халықаралық деңгейдегі суретші Алексей Николаевич Денисов те, 20 жастағы жас қылқалам шебері Ерболат Құсайынов та бар. Сонымен қатар мойынқұмдық Мұрат Байжанов пен Оңласын Қамшыбек, өзіміздің жерлесіміз Мақсат Қаңтарбаев та бар.
Суретшілер Көгершін, Құлан ауылдарында болады. Көрмеге келіңіздер!

С.Қожеке.

Поделиться ссылкой: