Туған жерде бас қосты

973 Views

«Жомарт түлек» жобасы аясында

Бүгінгі күні Жарлысу ауылының ортасынан ойып тұрып орын алған оқу ордасы жаңа заман көшіне ілескен еліміздің ертеңі мен болашағы үшін еңбек ететін, білімді де білікті, саналы азаматтарды тәрбиелеуде. Айтқұл Шынәсілов атындағы орта мектебінен түлеп ұшқан талай елге танымал, жұртқа мәлім азаматтар баршылық. Қазіргі таңда олар еліміздің түкпір-түкпірінде, әр қалада, әр салада қызмет атқарып, туып өскен ауылының абыройын асқақтатып, білім алған мектебінің мерейін үстем етіп жүр.
Текті топырақтан тарап, туған жерге деген ыстық ықылас пен жылы лебіздерін төккен кешегі түлек – бүгінгі маман иелерінің туған елге туын тігіп, түлетуге атсалысқан жағымды жақсылықтары мен игі істері ұшан-теңіз. «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын!» — демекші, түлектердің табысты да толағай өмір жолын жас ұрпаққа үлгі-өнеге ету мақсатында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Машбекұлы Сапарбаевтың бастамасымен бастау алған «Жомарт түлек» жобасы жуырда мектебімізде ұйымдастырылып, жо­март жерлестеріміз бен танымал түлек­те­ріміз бас қосты.
Кездесу бағдарламасына сай қо­наққа келген түлектердің қатысуымен 10-11 сынып оқушылары сыр-сұхбат өткізді. Сыныптар арасында өткізілген білікті маман иелерімен сұхбат арқылы оқушылардың бойында мамандық туралы түсінік қалыптасты. Қонақтар өздерінің тәжірибелерімен ой бөлісіп, қызықты әрі қиын сәттерінен сыр шертті.
«Мектеп түлегі – ел болашағы» атты шарапаты мол шараның шымылдығын мектептің әнші түлегі Ардақ Мелдебек «Туған ел» әнімен ашып берді. Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Әлібек Мамытжанұлы Терлікбаев қатысып, іс-шараның маңызы мен құндылығына тоқталды. Киелі мекеннен шығып, аудан атына абырой арқалатқан түлектерді атап өтіп, олардың игі істерін тілге тиек етті.
Алыстан ауылын аңсап келген түлектер қатарында қайраткер Дәрия Әбіқұлқызы, белгілі дәрігерлер, жоғары санаттағы хирург Серік Тұтқышбаев пен Нұршат Бұламбаева, подполковник Дана Шупшекова, облыс әкімі аппаратының бас инспекторы Гүлжан Мейірманова, ішкі істер бөлімінің қызметкері Берік Жұмабеков, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Гүлнұр Мейірманова және аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Бауыржан Самылтыров сынды мақтан тұтар тұлғаларымыз қатысып, естеліктерімен бөлісті.
Түлектердің басы қосылған кездесу кешіне белгілі себептер арқылы келе алмаса да, жүректері «туған жер» деп соққан жандар ұлағатты ұстаз Тоқтар Абайылда, ақын Жанат Тілеуқұлқызы, актер Жалғас Толғанбай өз құттықтауларын бейнежазба арқылы жіберіпті.
Ерен еңбектің көрігін қыздырған, өскелең ұрпаққа өнеге болған, ауылының көркеюіне үлкен үлесін қосқан айтулы тұлға – Сайранбай Әліқұлұлы Дөненбаевтың елге, жұртқа жасаған жақсылықтары еске алынып, әсер қалдыратын бейнежазба көрсетілді.
Кешке әр аулан өнер саласында жүрген түлектер шақырылып, радио редактор-жүргізуші Бақытжан Жармұхамбет, айтыскер-ақын Айтбек Тұрсынбай келді. Көмейінен көркем сөз төгілген бұл түлектеріміз Жарлы­су­дың жоталарын еске алатын, өздері шығарған өлеңдерін тарту етті.
Түлектер кездесуінің ұйымдас­тыруына бірден-бір себепкер – «Мектеп түлегі – ел болашағы» кітабы. Кітап мектеп түлектерінің арқауымен жарық көріп, көзайым болуымен тұсауы кесілді. Бұл кітапты әзірлеп дайындаған білікті басшы Дархан Кеңесұлы мен директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлбарам Ештайқызы. Жинақ кітапқа ауылымыздағы атақты азаматтар мен танымал түлектер туралы тың деректер жазылған. Кітаптың мазмұны терең. Үш бөлімнен тұрады: Бірінші бөлім – «Ауылымыздың елеулі есімдері» , екінші бөлім – «Мектеп түле­гі – демеушіміз!», үшінші бөлім – «Мақтан тұтар түлектер!» тақырыптарын қамтиды. Жинақ беттеріне мектеп түлегі А.Мелдебектің сөзіне жазылып, белгілі сазгер Н.Сәменқұловтың әніне жазылған «Жарлысу» әні қойылса, ақын А.Тұрсынбайдың «Мектебіме» арнауы басылған.
Кітап туралы ҚР білім беру сала­сының құрметті қызметкері Тоқтар Жамалбекұлы: «Ауылымыздың асып туған ата-аға, әже-аналарынан өздері туып-өскен жері, шаңын шығарып, шыбығын ат қылып мінген ауылы, құлын-тайдай тебісіп өскен замандас-құрбысы, ақылшы ағасы мен елдескен елі туралы естелік жазу үлкен іс, жа­ғымды бастама… Бұл кітапта мектеп түлектері, туыстарымыздың өмірі мен абыройлы еңбектері жайлы көріп біл­дік. Кітап баяндауы жан-жақты, тартымды, жақсы дүние болып шыққан. Бұл еңбек ел жастарына, келешек ұрпаққа үлкен ескерткіш болып қалары сөзсіз» — дейді.
Кітаптың баспадан басылып шы­ғуына демеуші болған мектеп түлегі Серікболсын Оспанов, Ғалымбек Шәріпханов, Ержан Абильдаев және мектептің көркеюі мен дамуына үлес қосып келген демеуші түлектеріміз Жиеналы Байданов, Ардақ Зиябаев, Бауыржан Әбдіраманов, Бекболат Оспанов, Мейрамхан Сүйерқұлов, Мақсат Әбітов секілді жүрегі жомарт, пейілі кең түлектер жүрекжарды құттықтауларын жеткізді. Облыстық «Педагог мәртебесі» журналының және «Мұғалім жаршысы» газетінің бас редакторы, журналист Ғалиябану Үсенова да жиынға куә болып қайтты.
Жиын соңында аудандық білім бөлімінің басшысы Майра Айдарбекқызы жомарт жандар мен танымал түлектерді мақтан ете отырып, барлық түлектер қауымын алғыс хатпен марапаттады. Мектеп директоры Дархан Бұламбаев кешті қорытындылап, мектеп ұжымына, түлектерге алғысын айтты. Келген қонақтар ерекше разылығын білдіріп, демеушілік таныту арқылы өздерінің аяулы алтын ұя мектептеріне бағалы сыйлықтар сыйлады.
Ел менен жердің дамуына сүбелі үлес қосқан түлектердің игі ісі өлшеусіз. Атпал азаматтар мен талапты тұлғалардың өмір жолы өскелең ұрпаққа өнеге. Оны насихаттау – баянды бастама.

Азамат АМАНТАЙ.
А.Шынәсілов атындағы орта мектебінің оқушысы.
Жарлысу ауылы.

Поделиться ссылкой: