Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз

1 080 Views

Биыл қазақстандықтар ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойын тойлауда. Бұл мерейтой «халқым» дейтін әр қазақтың, «Отаным» дейтін әр қазақстандықтың мерейін асырмақ. Себебі, Қазақстан туралы «тәуелсіз ел» деген қасиетті сөздерді есту ата-бабаларымыздың ежелден келе жатқан арманы еді. Сол бір асқан арманға осыдан отыз жыл бұрын қол жеткіздік.
Тәуелсіздік — қазіргі таңдағы тарихтан қалған ең асыл сыйымыз деп білемін. Бүгінде Қазақстанды өзінің дербес ел болғандығын бүкіл әлем мойындап отыр. Санасатын, маңызды шешім қабылдар алдында ақыл-кеңес сұрасатын дәрежеге жеттік. Бірақ, біз бұл жемісті күнге оңайшылықпен жеткеніміз жоқ. Азияның кіндігінде орналасқан осы біздің жерімізге сонау замандарда кімдердің аяғы баспаған. Талай жау халық санасын улап, жерімізді басып алмақ та болды. Дегенмен, батырларымыздың көзсіз ерлігі мен ел бірлігінің арқасында бұл қиындықтардан аман-есен өте алдық.
Шындығын айту керек, Хандықтар тарап, Ресей Империясының боданы болу қазақтар үшін қазақтығын сақтап қалуды қиындатты. Міне осы кезде, тәуелсіз елдің негізгі көрсеткіштері саналатын ана тіліміз, тарихымыз, тағылымымыз, мәдениетіміз жоғала бастады. Империя құлап, жаңа үкімет құрылса да, халқымыздың басынан қара бұлт арылмай қойды. Сонда қазақтың ішінен ел намысын арқалап, тәуелсіз болашағын аңсаған біртуар азаматтар шығып, алғаш рет тәуелсіз Қазақ елін қалыптастырудың қадамдарын жасады. Олар Әлихан Бөкейхановтың бастауымен Алаш үкіметін құрды. Алашты құру, сақтап қалу және насихаттау жолында жандарын қиған қазақ зиялылары қазақтың тәуелсіз ел болатынына үлкен сеніммен қарап, сол үшін күресті.

Алаш туы астында,
Күн сөнгенше сөнбейміз.
Енді ешкімнің алашты,
Қорлығына бермейміз!
— деп өздерінің және барша халықтың Алаш, тәуелсіз Қазақ елі жолында күресетінін білдірген болатын. Өкінішке орай, сол кезде үстімізден үстемдік құрып отырғандар бұл топты және қозғалысты басып тастады. Алайда, олар «елім», «жерім» деп жалын атқан жүректердің қалауын, талай жылдар әділетсіздігіне куә болған көздердің алауын, тарихтың зобалаңынан тозса да, келер күннен үмітін үзбеген сананың жан айқайын баса алмады.
Талай жылдар тоқтамаған күрестер, олардан қалған жүректегі жаралардың соңғысы және ауырларының бірі желтоқсанның ызғарымен келген болатын. Қазақ жерін жаттың қолына ұстатпау үшін қаншама жастар өз ойларын білдіріп, халқымыз бен жерімізді қорғау барысында аяусыз жазаланды. Талай жас қыршынынан қиылды. Міне, сол 16 желтоқсаннан бастап азаттықтың қаншалықты қалаулы екендігі әрбір Қазақстан тұрғынының санасын оятып, рухын көтерді. Азаттықтың таңы алыс емес еді, осыншама күрестен кейін 1991 жылы Қазақстан көптен күткен тәуелсіздікке қол жеткізді.
Қазір тәуелсіз елімнің ашық аспанында алтын күн жарқы­рап, халқымызды мейірімге бөлейді. Қыранымыз еркін қалық­тап, жарқын болашаққа көз тастайды. Сол көк аспан астында қазағымның оюындай бір-бірімен аралас-құралас болып, татулық пен бірлікте Қазақстан халқы емін-еркін өмір сүріп жатыр. Бұл — мақтаныш, бақыт, намыс, халқымыздың беделі.

Адина Байсунова,
Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінің мұғалімі.
Луговой ауылы.

Поделиться ссылкой: