Ислам құндылықтары – ұлт дәстүрінің негізі

597 Views

Ислам діні қазақ даласына таралғаннан бастап халықтың өміршең рухани-моральдық құндылықтары ұлтымыздың әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерімен кірігіп, дін мен дәстүр бірлігін құрады. Өз болмысында мораль мәселесіне баса мән беретін ислам діні рухани құндылықтарды пір тұтқан қазақ руханиятымен үндескенде, дін мен дәстүрдің асқақ адамгершілік ұстанымдарға негізделген қайталанбас бірегей сұхбаты қалыптасты.
Дін қағидаларын халқымыз әрбір мақал-мәтеліне, аңыз-әңгімесіне, жыр-дастанына, ертегісіне, шешендік сөзіне, даналық нақылына, тұрмыс-салт өлеңдеріне сіңіріп, күнделікті тұрмысында басшылыққа алар рухани және имани құндылықтарына айналдырды. Қазақ халқының діни-ислами түсініктері оның рухани-моральдық қағидаларында көрініс тапты. Оның нақты мысалын біз Асан Қайғы, Шалкиіз, Доспанбет, Ақтанберді, Үмбетей, Бұқар жырау, Шал ақын шығармаларынан көреміз. Кешегі кеңестік кезеңде де ақын-жазушыларымыз өз туындылары арқылы дәстүрлі рухани құндылықтарды жаңғырта отырып, бүгінгі күнге ұластырды.
Қазақы мінез бен дүниетанымда ізет пен құрметке ерекше мән беріледі. «Қазақы мінез» деген ұғымның өзі кішіпейілділік, дархандық, еркіндік тәрізді кесек мінездермен айқындалады.
Дін дәстүрге айналады, дәстүрге айналмаса, догмаға айналады. Осы шындықты түсінгендіктен ислам тарихында мазхабтар қалыптасты. Мазхабтар мектебінің негізін салған ислам ғұламасы, имам Ағзам Әбу Ханифа өз ілімі арқылы бүгінде әлем мұсылмандарының басым бөлігі ұстанатын, Қазақстан мұсылмандары үшін де дәстүрлі болып табылатын ханафи мазхабының іргесін қалады. Имам Ағзам Әбу Ханифа ілімінде ислам дінін қабылдаған жергілікті халықтардың салт-дәстүріне баса мән берілді. Ханафи мазхабында әдет-ғұрыптар исламдағы пәтуа шығарудың, яғни белгілі бір мәселеге қатысты діни үкім берудің бір негізі ретінде саналады. Демек, жергілікті халықтың дәстүріне тән қандай да бір әдет немесе ғұрып ислам шариғатына қайшы келмесе, оны қолдануға, сол бойынша іс-әрекет етуге ешбір шектеу қойылмайды. Құран үкімдерінде, хадистерде, ислам ғұламаларының пәтуасында қарастырылмаған қандай да бір жағдайға қатысты жергілікті халықтың әдет-ғұрпы арқылы шешім берілген болса, сол әдет пәтуа ретінде қабылданады.
Жалпы алғанда, әрбір халықтың әдет-ғұрып пен салт-дәстүрі сол халықтың рухани дамуының негізін қалайды. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның жағдайында ең негізгі проблемалардың бірі сол аталарымыздың аманат еткен қазақи салт-дәстүріміз бен ұлттық келбетімізді сақтап қалу мәселесі болып отыр. Қазіргі жаһандану заманында, біздің қоғамда батыстың мәдени және діни агрессиясы еш кедергісіз жүзеге асырылып, ұлтсыздану, құндылықтарымыздың ұмытылу үрдісі жаһандық сипат алып келеді. Кез келген ұлт өзін тарихта «ұлт» ретінде сақтап қалуының шарты – өзінің ғасырлар бойы қалыптасқан дінінен, ділінен, тілінен ажырамау.
Ата-бабаларымыздан біздерге «Үш қасиетті: дініңді, діліңді, тіліңді сақта» деген қанатты сөз қалды. Өз ұлтын қадірлеп-қастерлеген, ұлт қадірін білген азаматтың бірі Ж.Аймауытов: «Мен халыққа кіндігіммен байланып қалғанмын. Оны үзе алмаймын. Үзу қолымнан келмейді» дейді. Сырым Датұлы: «Мен ағайынды екеумін: бірі – өзім, екіншісі – халқым» деген.
Ұлт негізін құрайтын осы үш қасиет болып табылатындықтан, оның тұтастығына қауіп төндіретін кез келген құбылыспен күресу ел азаматтарының тарих алдындағы парызы болмақ.

Айбек СӘРСЕХАНҰЛЫ,
аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-ның директоры.

Поделиться ссылкой: