Ұшырса ұямыз, қалайша қиямыз…

17 Views

Ұшырса ұямыз, қалайша қиямыз…

«Сұр көйлек, ақ фартукпенен,

Келуші еді қыздар сәніміз.

Ақ көйлек, қызыл галстук,

Жарасушы едік бәріміз.

Бой жеткен қайда шашына,

Ақ бантик жүрген тағынып.

Әке болсақ та әр үйде,

Сендерді жүрміз сағынып».

 Міне, бірге оқыған сыныптастар мен мектепке деген сағыныш сезімі осы екі шумақ маржан сөзден құралған өлең мәтінінің құрылысында әдіптеліп тұр. Мейлі, 10, 20, 30, 40, тіпті 50 жыл өтсе де, тарыдай боп кіріп, таудай болып шыққан алтын ұя мектебіңді қалай ғана ұмытарсың!  Ұмытпайсың, әрине. Өйткені, ол – ностальгия! Сол қызықты сәттер еске түскенде күлеміз, әзілдейміз, кейде мұңаямыз. Адам сол үшін де адам.

25-ші мамыр. Күн дүйсенбі. Қазақ ауылы. Мұхтар Әуезов атындағы тірек мектебі. Бұл үш ұғымды неліктен бөле жарып айтып отырмыз. 25-ші мамыр түсінікті енді. Қазақ ауылы ұйымшылдығы мен бірлігі ұлардай ұйып, татулығы қыр асып отырған іргелі ауыл. Ал осы ауылдағы білім ошағы анау-мынау емес, Алаш зиялыларының ізбасары, қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің есім-сойын еншілеген. Бірден айта кеткен жөн, Мұхтар Әуезов атындағы тірек мектептің ұжымы қашан көрсең, алдыңғы сатыдан көрінеді. Осының бәрін ой елегінен өткізсек, аудан әкімі Ернар Есіркеповтің Мадина Сарсенова басқарып отырған дәл осы білім ошағына арнайы барып, мектеп бітіруші жас түлектерге сәт-сапар тілеп, құттықтау сөз арнауы – өте оңды шешім секілді.

Мектеп ұжымы да бұл салтанатты шараға жақсы дайындалыпты. Сценарийлері де жұп-жұмыр. «Білімім – Отаныма!» деген тақырыппен өткен салтанатты шараға аудан әкімі Ернар Есіркепов,  аудандық білім бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Бауыржан Самылтыров,  ардагер ұстаз Болысбек Абезұлы,  ата-ана Шарбану  Шінтайқызы және мектеп директоры Мадина Сарсенова қатысты.

Салтанатты іс-шарада аудан басшысы Ернар Серікәліұлы:

– Мұғалім деген мәртебелі мамандыққа құрмет ерекше. Қазір қарап отырсақ, мұғалімге де, оқушыға да барлық мүмкіндік жасалған. Алғаш мектепке барған сәтте «А» деп әріп үйретіп,  жүрек көзімізді ашқан, көптеген тағылымды дүниелер айтып, тұлғалық болмысымызды қалыптастырған ұлағатты ұстаздар қауымына шексіз алғыс айтқым келеді. Ал бүгін мектеп табалдырығын бітіргелі отырған жас түлектерге айтарым, әрдайым жолдарың ашық болсын. Дендерің сау болсын. Елімізде тек қана бейбітшілік заман орнасын. Біздің болашағымыз – сіздерсіздер. Аман болыңыздар. Қайда жүрсеңіздер де еліміздің абыройын асқақтатып, беделін биіктетіп жүріңіздер, – деді. Содан соң ата-ана Шарбану  Шінтайқызы да ақжарма лебізін білдіріп,  мектеп бітіруші жас түлектерге сәттілік тіледі.

Жалпы Мұхтар Әуезов атындағы тірек мектебінде 169 оқушы білім алады. Биыл 16 түлек мектеп бітіріп отыр. Олар: Ақзере Асылхан, Алима Бердалы,  Санжар Асанұлы, Шарапат Болысбек, Махфуза Бауыржан,  Дильназ Берік, Инабат Еркін, Дильназ Жанат, Ахметжан Желеу, Мұхаметжан Желеу, Нұрасыл Кенжалы, Бекарыс Мырзатай, Ілияс Нұрсұлтан, Нұртас Оңал, Бірғаным Совет, Ақбота Тоқтар. Салтанатты шарада  мектептің 1-сынып оқушылары тақпақтарды жатқа оқып, көпшіліктің қошеметіне кенелді. Биші қыздар би де биледі. 8-сынып оқушысы Гүлсезім Балтабай «Ұстазым» әнін шырқады. Жас түлектер «Қош бол, мектебім!» әнін орындады. Мұхтар Әуезов атындағы тірек мектептің биылғы түлектері өздерінің сан қырлы жақтарын көрсетіп, оқуда озат, спорттық жарыстарда да талай  жетістікке жетті. Олардың білімді, жан-жақты әрі саналы ұрпақ болып жетілуіне сынып жетекшілері, сондай-ақ, оларға сабақ берген барша ұстаздар қауымы зор септігін тигізгені анық.

Қош. Жұрт асыға күткен қоңырау үні де естілді. Бұл дегеніңіз – тағы бір жылдың мектеп түлектері үлкен өмірге қадам басты деген сөз. Мектеп бітіруші жас түлектер бір айналым жасап, соңғы қоңырау үнін естірткенде, менің де мектеп жылдарында өткізген қызықты сәттерім еске түсті.

Кеше ауданымыздың барлық мектептерінде осындай салтанатты іс-шаралар өтіп, соңғы қоңырау үні соғылды.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий