Халық қалауын білдірді

551 Views

Өткен жексенбі, яғни, 25 шілде күні Жаңатұр­­мыс ауылының тұрғын­дары сайлау учаскесіне ағылып келді. Өйткені дәл бүгін ауыл адамдары төртжылдық сай­лану мер­зімі аяқталған бұрынғы әкімнің орнына баламалы түрде жаңа әкім сайлауы керек. Бұл жолы бір орынға үш кандидат түсіп отыр. Әрине таңдау халықта. Дегенмен, Жаңатұрмыс учаскелік сайлау комиссиясының төра­ғасы Көпжасар Өскембаевқа жолығып, жұрттың сайлау нау­қанына деген ынтасын біліп алған соң, дауыс беру үшін ал­ғаш­қылардың бірі болып кеңсе табал­дыры­ғын аттаған ауыл ақ­сақал­дар алқасының төрағасы, байыр­ғы сайлаушы Аманкелді Молдашевтің дауыс беруін күттік.
Ол алдын ала ор­та­ға қойыл­ған урнаға өзіне тиеселі бюл­летеньдерді алып, кабинаға кіріп, өзі­нің таңдауын жасаған соң, сыртқа шығуға бет алды. Дәл осы кезде біз оны тоқтатып, бір-екі сауал қойдық. Өзі бұрын осы колхоз­да бас инженер болған, сая­сат­тан әжептәуір хабары бар Әбекең сұрағымызға мүдірмей жауап қайтарды: «Шынымды ай­тайын, демократия деген дәл осындай болуы керек. Мен үш канди­дат­тың да өмірбаянын аудан­­дық газеттен оқып, олардың сайлауал­ды бағдарламаларымен таныс­қанмын. Олардың үшеуі де жоғары білімі бар білікті маман­­дар: біреуі экономист-заң­гер болса, екіншісі дәрігер, ал үшіншісі бүгінгі ақпараттық саланы жете меңгерген азамат. Алғаш­қы екеуі Өрнек пен Луговой ауылдарынан, ал үшін­шісі өзіміздің ақсақал ақынымыз Қуандық Шолақтың немересі. Несін жасырайын, мен сол ініме дауысымды бердім, – дей­ді кәрие.
Артын­ша дауыс беру урна­сына бюллетень салып шық­қан Жаңатұрмыс ауылының тұр­ғыны Өрнек Байбат­шаев пен ауыл­дың биі Мұрат Рысмедетов­ке жолығып, олар­дың да сайлау тура­лы пікірін білгіміз келді. Мәкең: «Бәрін халықтың қалауы біле­ді» деп қысқа қайырса, бұр­ын саясатқа әбден араласқан, мектеп директоры болған Ө.Байбатшаев: «Менің ойымша өзіміздің баламыз жеңіске жетуі тиіс. Үкіметтің өзі:«Халықтың қала­уы білсін» деп отырған жоқ па?! Демек, жергілікті халықтың мұң­ын, мұқтажын жақсы білетін аза­­мат әкімнің мандатына ие бол­уы керек деп ойлаймын» дейді.
Иә, жаңа сайланатын әкім жұрт­тың көкейтесті мәселелерін жетесіне жеткізіп шеше ала ма? Өйт­кені отыз жылдан бері ауыл­ға газ, тіпті, ауыз су кірмеген. Жас­тар үшін клуб та жоқ. Бірақ, осы проблемалардың барлығы: «Ертең-ақ шешіледі» деген басшылардың уәде беруімен бітпей келді ғой. Ендігі сайланатын әкім халыққа жаны ашитын болса, ең алдымен осындай әлеуметтік маңызы бар мәселелерді алдымен шешуі керек деп ойлаймын. Уәде беру оңай, ал оны шешу қиынның қиыны. Ауыл жастары өте ұйым­шыл. Олар өздері демалатын мәде­­ниет ошағын емес, алды­мен имандылық жағын ой­лап, ауыл мешіті жанына өз қаражаттарына құрылысы бітпей тұрған асхананы салып, бітіріп берді. Жаңа сайланатын әкім жастардың тілін таба білсе, талай іс бітері анық. Дегенмен, ендігі таңдау халықта.

P.S: Газет беттері қатталып жатқанда сайлау нәтижелері белгілі болды. Сайлау қортын­дысымен 3-беттен таныса аласыздар.

С.Қожеке.
Жаңатұрмыс ауылдық округі.
Суретте: байырғы сайлаушы, ауылдық ақсақалдар Кеңесінің төрағасы Аманкелді Молдашев дауыс беруде.

Поделиться ссылкой: