Ауылда атқарылған тірлік көп, десек те?..

586 Views

«Халқым, саған қалтқысыз қызмет еттім, аманатыңа адал болдым, соңғы демім таусылғанша еліме, жеріме қызмет етуден танбаймын. Менің тірі пендеге өкпем жоқ, ал менде кеткен өкпе-наз болса, ақ басымды иіп, мың қайтара кешірім сұраймын». Бұл, 40 жыл ел басқара тұрып, жұмыстан кеткенінде төрт бөлмелі пәтерінен басқа бір артық дүниесі болмаған, байлықтың соңынан кетпей, мансаптың буына мастанбай, адамдық биіктен түспеген Димаш атамыздың, яғни Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың сөзі. Бүгінде ел тізгінін ұстап, басшылық қызметте жүргендер жетерлік, әрине. Бірақ, нағыз Димекеңдей халықтан арасы алшақтамаған басшылар некен-саяқ. Сол некен-саяқтардың қатарына Ақниет ауылдық округінің әкімі Нұрдос Тұрабаевты да жатқызуға болады. Неге деймісіз? Өйткені, Нұрдос Әбіқұлұлы біз жазған кіріспе сөздің нәрінен қуат алып, еселі еңбек етіп келе жатқан адал азамат, әрі іскер әкім. Оны мен баяндайын, сіз тыңдаңыз.
2018 жылдың қаңтар айынан бастап ауылдық округ әкімі қызметіне тағайындалған Нұрдос Әбіқұлұлы нәбәрі үш жылдың ішінде ауылда шешімі табылмаған мәселелердің оңтайлы шешімін тауып, ауыл тұрғындарының жақсы өмір сүруі үшін қолдан келгенше аянбай еңбек етіп келеді. Бұл сөзімізге дәлел болар фактілер де бар. Атап айтар болсақ, барлық көшеге жарық шамдары орнатылып, тұрғындардың жүріп-тұруына жайлы жағдай жасалды. Күн қарая қап-қараңғы түнекке айналатын көшелер әп-сәтте жарқырап шыға келді. Сонымен қатар, тек «билайн» ұялы байланыс операторы ғана ұстайтын елді мекенге, бүгінде «ALTEL», «TELE2» сынды ұялы байланыс операторлары орнатылып, Транстелеком компаниясының жоғары жылдамдықты интернет желісі қосылғандығын да айта кетейін.
Жыл басынан бері күллі дүниені дендеген дертке қарамастан, ауылдық мәдениет үйінде санитарлық нормалар сақтай отырып, ауыл әкімі Нұрдос Тұрабаевтың және ауыл тұрғындарының қатысуымен бірнеше іс-шаралар өткі­зіл­гендігін кө­зі­міз көрді. Бұл жайдақ сөз емес. Атап айтар болсақ, мәдениет үйінің меңгерушісі Алихан Амреевтің ұйымдастыруымен Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын кеңінен насихаттау барысында дөңгелек үстел өтті. Шара барысында ауыл әкімі Нұрдос Әбіқұлұлы Елбасының жалпыұлттық мақаласының негізгі өзегі мен оның жүзеге асуы бағытындағы тежеліп тұрған мәселелер төңірегінде пікір білдіріп, ауыл тұрғындары арасында ой қозғап, әңгіме өрбітті. Сонымен қатар, алдағы уақытта ауыл тұрғындары мен жастарға тәлім-тәрбиесі мол шаралардың көптеп өткізілетіндігін де ашық айтты.
Қош. Тақырыптан алыстап барамыз ба, қалай өзі?.. Енді тақырып ауанына қайта ойысайық. Күні бүгінге дейін Ақниет ауылдық округіндегі көгілдір отын жайы кешеуілдеп келгені барлығымызға белгілі. Мемлекет тарапынан қыруар қаражат бөлініп, бұл мәселе де өз шешімін тапты қазір. Қазіргі таңда Ақниет ауылдық округіне қарасты Д.Қонаев және Абылқайыр елді мекендеріне жер астынан газ құбырлары жүргізіліп, табиғи газ кіргізу жұмыстары мамыр айынан бері жалғасуда. Ауыл әкімінің сөзінше, алдағы қазан, қараша айларында газ құбырларының құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, ауыл жұрты көгілдір отынмен қамтамасыз етіледі деп жоспарлануда. Міне, осы атқарылған жұмыстардың барлығы ауыл әкімінің еңбегінің жемісі. Әрине, менің ойымша…
Бұл, бұл ма? Ауыл тұр­ғын­дары үшін бір кездері балалар ойнайтын алаңның салынуы орындалуы қиын арманға айналған еді. Бірақ, көп ұзамай бұл мәселе де шешімін тауып, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша ауылда «Стритворкаут» алаңы ашылды. Балаларға арналған заманауи спорт алаңы ауыл тұрғындарына, әсіресе кішкентай бүлдіршіндерге үлкен қуаныш сыйлады. Бірақ, бір көңіл қынжылтатыны – ауылда «саябақтың» жоқтығы… Әйтпесе, ауылға келген қонақтарды қайда апарарымызды білмей, алдарында көзімізбен жер шұқыған сәттеріміз аз болмаған. Бұл тек менің ғана емес, ауыл жастарының көңіл түкпіріндегі ойы. Егер осы бір ой жүзеге асар болса, ауыл жұртшылығының ықыласы одан әрі арта түсері сөзсіз. Қоғамның талап-тілегіне сер­гек қарап, жекелеген адам­­дардың мұң-мұқтажына ортақ­таса білетін Нұрдос Әбіқұлұлы бұл мәселені де бей-жай қалдырмасы анық. Оған күмә­німіз де жоқ. Өйткені, Дінмұхамед Ахметұлындай нар тұл­ғаға тегіннен-тегін теңемедік қоо-оо-о-ооой Нұрекеңді…

Дариға Құрманалы.

Поделиться ссылкой: