Ата-аналарға алғыс айтты
Ата-бабамыздан мирас болып қалған нақыл сөздер қоржынында «Баланың жақсысы – қызық, жаманы – күйік» деген тәмсіл бар. Расымен де, бала арқылы біздің төбеміз әп сәтте көкке жетуі де немесе төмен қарай құлдилауы да мүмкін. Бірақ біз бүгін өз іс-әрекеті арқылы ата-ананың мерейін үстем еткен жандар жайында сөз қозғайтын боламыз.
Аудандық полиция бөлімінің басшысы Олжас Омарбековтың бастамасымен Отбасы күніне орай ерекше форматта іс-шара ұйымдастырылды. Нақты атап айтар болсақ, Олжас Төлегенұлы бастаған топ қызметтік міндеттерін аса жауапкершілікпен, уақытпен санаспай және қоғамдық тәртіпті сақтауда өздерінің күш-жігерлерін сарп етіп, жұмысын адал атқарып жүрген қызметкерлердің үйлеріне барып, олардың ата-аналарына арналған алғыс хаттарын табыстады. Салтанатты іс-шара барысында бөлім басшысы ұл-қыздарының бойына патриотизм, адалдық, батылдық және жауапкершілікті сезіну сияқты ізгі қасиеттерді дарытып, тәрбиелегені үшін ата-аналарға шексіз алғысын жеткізді.
Баласының жетістігі үшін ерекше қуаныш сезімде болған ата-аналар да өз кезегінде құттықтап келген жандарға ризашылығын білдіріп, жұмыстарына сәттілік тіледі.
«Құлан таңы» ақпарат.