«Шөңгердегі» жайқалған бақ

638 Views

Аудан орталығы болып есептелетін Құлан ауылының кіре берісіндегі жайқалған жасыл бақ көріністері алыстан көз тартады. Әрине, бұл көріністер сырттан келген қонақтардың таңданысын тудырары хақ. Құлан ауылдық округіне қарасты Шөңгер ауылында орналасқан алма бағы аудан аумағында іске асқан ірі жобалардың бірі десек болады.
Жалпы, ауданда барлығы 331 гектар аумаққа алма ағаштары отырғызылған. Оның 301,0 га АШТӨ иелегінде болса, 30 гектар үй іргелерінде орналасқан. 150 гектар аумақты алып жатқан біздің мақалаға арқау болып отырған алма бағы биыл екінші жыл қатарынан жеміс беріп тұр.
2018 жылы бастау алған жоба «SV AGRO» ЖШС-не тиесілі. Бүгінгі таңда аталған бақта тынымсыз еңбектің, күтіп-баптаудың арқасында ол ағаштар бой көтеріп, жапырақ жайып, мәуелеп өсіп тұр. Аталған серіктестік шаруашылығына озық технологияларды енгізе отырып, өнім жинайтын кезде жергілікті тұрғындарды маусымдық жұмысқа тартады.
Баптай білсең, нәтижесін де көресің. Молшылық пен байлықтың белгісі саналатын шие ағашының жеміс беруі ең алдымен жұмысшылардың еңбегінің арқасы. Бағалай білгенге барын беретін құнарлы жердің берері мол.
Айта кететіні, биыл Т.Рысқұлов ауданында бұдан бөлек 1,7 га аумаққа құлпынай, 30 гектар аумаққа таңқурай, 2,0 га аумаққа қарақат және 156,8 га шие ағаштары өсірілуде. Соның ішінде, 156,8 гектар шие ағашының әр гектарынан орташа 11,4 тонна өнім жиналып, барлығы 178,7 тонна өнімді аудан тұрғындары пайдаланды. Ал құл­пынайдың әр гектарынан 36,8 тонна өнім жиналса, қарақаттан орташа гектарынан 40,6 ц/га өнім жиналып алынды.
30,0 гектар аумақты алып жатқан таңқурай дақылына тамшылатып суару әдісі қолданылуда.

М.Тастанбек,
аудан әкімінің баспасөз хатшысы.

Поделиться ссылкой: