Тәуелсіздік бәрінен қымбат

852 Views

Ел Тәуелсіздігіне 30 жыл толуы­на орай Жарлысу ауылдық кітапха­насының кітапханашысы Алтынкүл Рысбекованың ұйымдас­тыруымен ауылдық кітапхана ғимаратында «Тәуелсіздік ұлы өрлеудің ұлы күші» деген тақырыпта мәні бар мазмұнды іс-шара өтті. «Тәуелсіздік оңайлықпен келген жоқ», «Отыз жылда біз қандай жетістіктерге жеттік», «Тәуелсіздік және болашақ», «Тәуелсіздік тұғырым» атты 4 тарауға бөлінген іс-шара өте жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны көрініп тұр. Алғашқы бөлімде Айтқұл Шынасілов атындағы ша­ғын орталықты орта мектептің тарих және география пәндерінің мұға­лімі Аида Рысбекова бабаларымыз­дың тәуелсіздік жолындағы мақсат-мүд­десі туралы, тарих пәнінің мұ­­ғалімі Кенжебек Өстеміров алаш қайраткерлерінің азаттық жолындағы күрескерлік­тері, ал мектеп тәлімгері Еңлік Әбдікерімова осы азаттығы­мыз­ға негіз салған желтоқсаншылар турасында келелі пікірлерін айтты. Шараның 2-ші бөлімінде межелен­ген тақырып бойынша сөз сөйлеген Айтқұл Шынасілов атындағы шағын орталықты орта мектептің орыс тілі пәнінің мұғалімі Әділжан Жарасбек еліміз тәуелсіздік алған осынау 30 жыл ішінде кәсіпкерлік саласында зор жетістіктерге жетіп, әлемдегі дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылғанын тілге тиек етті.
Іс-шара барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы да кеңінен сөз болды. Ол жөнінде, Назгүл Рысбекова, Еламан Әбіш сүбелі сөздер өрбітті. Іс-шараға арнайы барып қатысқан аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры, аудандық мәслихаттың депутаты Мереке Айнақұлов та Президент Жолдауында айтылған тезистерді жан-жақты саралап, пайымды пікірін білдірді. Сондай-ақ, Мереке Ержанұлы тәу етер тәуелсіздік турасында да толғамды ойын ортаға салды. «Тәуелсіздік тұғырым» атты 4-ші бөлімде шараға қатысушылар кітап-көрме инстолляцияны тамашалады. Бұл кітап-көрмесі инстолляциясын­да шараны ұйымдастырушы Алтынкүл Рысбекова Қазақ хандығы, алаш қозғалысы, ұлт қайраткерлері, Ұлы Отан соғысы, Желтоқсан көтерілісі және тәуелсіз Қазақстанның мәде­ниеті жайында жарық көрген кітап­тарға шолу жасады. Соңынан жиын қонақтары мен қатысушылар естелік суретке түсіп, осындай іс-шараны көптеп өткізу керектігі жөнінде пікір алмасып, тарқасты.

Марат Аятберген.

Поделиться ссылкой: