Жаңа әкімшілік рәсімдік кодекске арналды

682 Views

Соттағы семинар

Кеше Тұрар Рысқұлов аудандық сотының мәжіліс залында жергілікті атқарушы органдардың, сот орындаушылары мен прокуратура, адвакатура өкілдерінің қатысуымен семинар болып өтті. Семинарды аудандық соттың төрағасы Айдарбек Ағабекұлы Замбаев ашып, жиналғандарға Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Динара Ничаевна Нұрлыбаеваны таныстырды.
Өз кезегінде Д.Нұр­лы­баева баянда­ма­сын «Қазақстан Респуб­ли­ка­сының Әкімшілік рәсімдік процестік кодексін іс­ке асыру мәселелері» тақы­рыбына арнады. Облыстық соттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Динара Ничаевна: – Өздеріңізге белгілі, осы жылдың 1-ші шілдесінен бастап Қазақстан Республикасы әкімшілік рәсімдік процестік кодексі қолданысқа енді.

Бұл Кодекс мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, осы рәсімдерді жүзеге асыруға байланысты қатынастарды, сондай-ақ, әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібін реттейді. Облыстық сот төрағасының бастама көтеруімен сіздерге осы Кодекстің кейбір нормаларын түсіндіруге, оны қолдану барысында туындайтын сұрақтарды өздеріңізбен талқылауға келіп отырмын, – деді.
Одан соң баяндамашы әкімшілік процедурасына тоқтала келіп, осы істің өтініш берушінің немесе заңды тұлғаның өтініші негізінде жүргізілетініне мән берді. Оның мерзімінің өзі 15 күннен аспауы керек. Әкімшілік органы мен лауазым иесі бұл процедураны өзінің құзыреттілігі шеңберінде және Қазақстан Республикасы Конституциясына сәйкес жүргізуі тиіс. Аты аталған орган осы әкімшілік актіні процесске қатысатын өкілдердің назарына қоя білуі қажет. Осы және басқа да әкімшілік істерді жүргізу мен есепке алу, әкімшілік сот өндірісі мәселелеріне баяндамашы жан-жақты тоқталып өтіп, осындай әкімшілік соттың Семей, Екібастұзда, сонымен қатар Тараз қаласында ашылғанын залда отырғандардың назарына жеткізді. Республика бойынша барлығы 22 осындай әкімшілік сот ашылып, іске кіріскенін мәлім етті. Д.Н.Нұрлыбаева сот шешімін орындамай отырған лауазым иесіне 10-нан 100 айлық орташа көрсеткішке дейін айыппұл салу, оны бір емес бірнеше мәрте орындағанша айыппұл салу, өзінің шығарған шешіміне бақылау жасау туралы айта келіп, жаңа заңның бұрынғы заңнан өзгешелігін алға тартты. Айту ләзім, бұл әкімшілік рәсімдік процестік кодекс мәселен, Германияда Кайзердің кезінен-ақ, яғни 200 жылдан бері қолданыста бар. Бұл Кодексті біздің еліміз елдің ең соңында қолданысқа енгізіп отыр.
Семинарда баяндамашыға залдан көптеген сұрақтар қойылды. Аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарып отырған Жандос Үмбетәлі, аудандық полиция бөлімінің бастығы Олжас Омарбеков, адвокат Марат Әбдірахманов, сот орындаушылары Саламат Айтжанов, Нұрғиса Асубаев тағы басқалары өздерін толғандырып жүрген сауалдарға қанағаттанарлықтай жауап алды. Судья С.Өзбеков: «Шағым негізінен азаматтардан түседі, ал, әкімшілік орган шығарған акт азаматтардың мүддесін қорғауға бағытталған. Жеке сот орындаушыларының іс әрекеті де азаматтардың өтінішін қанағаттандыруға жұмсалуы тиіс» дейді. Олардың шағымы үш күн мерзімде қаралуы керек. Осы сияқты көптеген сұрақтарға облыстан келген жоғары лауазымды тұлға нақтылы жауап беріп, кейбір ұсыныстарды қойын дәптеріне жазып алды.
Семинар өзінің өміршеңдігін, халыққа қажеттілігін көрсетті. Оған қатысушылар семинар соңында да өзара пікір алмасып, талқыланған мәселенің күрделілігіне айрықша мән берді. Басқосу кіші залда барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып өтті.

С.Қожеке.
Суретте: Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Динара Ничаевна Нұрлыбаева семинарға қатысушылар алдында жаңа әкімшілік Кодекстің мәні мен мағынасын түсіндіруде.

Поделиться ссылкой: