ЕКПЕНІҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ НЕДЕ?

543 Views

Соңғы жылдары ауданымызда балаларына жұқпалы ауруларға қарсы профилактикалық екпе салдырмай, бас тартып жүрген ата-аналар қатары көбейіп барады. Зерделеп қарасақ, балаларына екпе салдырудан бас тартып отырған көбіне жас ата-аналар. Бірақ, олардың өздері кезінде уақытылы профилактикалық екпелерін алған. Олай дейтін себебіміз, осыдан 30-40 жыл бұрын олардың ата-аналарына қызылша мен дифтерия аурулары қорқынышты екендігін түсіндіру қажет болған жоқ. Аталған жұқпалардан балалар өлімінің себептері өте көп болған. Полиомелит алдындағы қорқыныштан балалар тіпті ауру себебінен таңертең аяғынан тұра алмаған. Бұл тек Қазақстанда ғана емес, дүниежүзінде де кездесті. Жоғары да айтып отырған ауруларымыздың барлығы екпемен (вакцинация) басқарылатын аурулар.
1980 жылдары дүниежүзі бойынша шешек (оспа) ауруы мүлде жойылды. Оған әсер еткен басты себеп – екпе. Осы аурулардан қорғанудың басты жолы 95-100 пайыз алдын ала екпемен қамту екені дәлелденген. Сондықтан, елімізде бұл жағдай жолға қойылған. Қазақстанда профилактикалық екпе егудің ұлттық күнтізбесі бойынша 11 жұқпалы аурудың түріне қарсы екпе тегін жүргізіледі. Қалған тұмау, менингит сияқты жұқпаларға қарсы екпелер ақылы түрде жүргізіледі. Алайда, жүкті әйелдерге, жиі ауыра­тын адамдарға, науқастармен жиі қарым-қатынас болатын медицина қызмет­керлеріне тұмауға қарсы, сонымен қатар, оба, іш сүзегі, күйдіргі, құтырма сияқты ауруларына қарсы екпе халықтың қауіп төндіретін контингенттеріне тегін жүргізіледі. Біздің елге келетін екпенің барлығы да дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сертификатымен, рұқсаттарымен келеді. Әрбір келген вакцинаны бірнеше айдан бастап, бірнеше жылдар бойы зерттеп, оның қауіпсіздігі тексеріледі. Мұндай мүм­кіндік кез келген елде жоқ.
Жалпы екпе салғаннан кейін ағзада сол ауруға қарсы арнайы антиденелер пайда болады. Қорғану антиденелерінің әсерінен баланың дене қызуы көтеріліп, ине салған жері қызаруы мүмкін. Бала мазасызданып жатады. Бұл алғашқы 1-3 күндері ғана болады. Сондықтан одан қорқудың еш қажеті жоқ. Қалай десек те, бастысы, екпе баланы сол аурудан қорғайды.
Ал дінге келетін болсақ, ислам шариғаты балаға екпе егуге қарсы деген пікірдің қате екендігін теолог ғалым­дарымыз да мойындап отыр. Өйт­кені, адамдар Меккеге қажылыққа барар­дың алдында түрлі ауруларға қарсы екпелерді қабылдайды.
Екпе егудің (вакцинациялаудың) негiзгi мақсаты – ол адам ағзасында имму­нитет пайда болу арқылы жұқпалы ауру­ларды қабылдауға қарсы тұру болса және соның нәтижесінде ауруға шалдығу мен өлiм-жiтiм санын азайту. Бұл фактордың маңызы өте зор. Өз басым екпе жасаудың маңыздылығын бағалауда әрбiр ата-ана мен жалпы қоғамда толық түсiнiк болуы қажет деп есептеймін.

А.БЕЙСЕБАЕВА,
Т.Рысқұлов аудандық СЭББ-ның жетекші маманы.

Поделиться ссылкой: