Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру – ортақ міндет
Сыбайлас жемқорлық — біз өмір сүріп жатқан жаңа қоғамда шешімі өте күрделі мәселелердің бірі. Кез-келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселе болып табылады. Сыбайлас жемқорлық мемлекетті ішінен жоюдың бастамасы мен жетістіктерді жоққа шығаратын, ұлттық қауіпсіздікке қауіп-қатер әкелетіндігі күмәнсіз. Сондықтан да Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының негізгі басымдылықтарының бірі болып осы зұлымдықпен күресу болып табылады. Сыбайлас жемқорлық мемлекеттік билік органдары қабылдайтын шешімдердің тиімділігіне зиян келтіре отырып, ел экономикасына кері әсер етеді. Сондай-ақ, адамгершілік қағидаттарына зиян келтіріп, азаматтардың мемлекетке деген сенімділігін азайтады және әділ сот төрелігінің қағидаттарын бұзады. Сыбайлас жемқорлық, әрине, мемлекеттік басқарудың тиімділігін, елдің инвестициялық тартымдылығын төмендетеді, үдемелі әлеуметтік-экономикалық дамудың тоқтап қалуына ықпал етеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің ерекшелігі – сыбайлас жемқорлықтың қылмыстық жағымен қатар, ол мемлекеттің саяси, әлеуметтік, экономикалық салаларымен де тығыз байланыста болуында.
Сыбайлас жемқорлық әрекеттері бойынша тиісті шара қолданудың негізі – ол азаматтардың арыз-шағымы. Мемлекетіміздің әрбір азаматы Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті.
Әрине, сыбайлас жемқорлық дәрі беріп емдейтін сырқат емес. Айналасындағы салауатты, таза және сау ортаны шарпып, тыныс-тіршілігін тарылтатын, заңсыз әрекеттермен қоғамдық ортаның және мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, дара кәсіпкерлердің, азаматтардың қызмет етуіне қатер төндіретін қауіпті дертті болдырмаудың тетігі халықтың өзінде. Бұл дерттің алдын алып, қоғамға таралу жолдарын кесіп, оның ұлғаюына жол бермеу керек. Ол үшін аталған дертке ел болып атсалысып, қарсы жұмылуымыз қажет. Сонда ғана біздің еліміздің, халықтың мүддесі қорғалатыны анық.
С.Мақұлбаев,
ҚР АШМ АӨК МИК Т.Рысқұлов аудандық аумақтық инспекция басшысы.