Қарт ананы құттықтады
27 ViewsЖурналистика – жүрекке салмақ салатын мамандық. Неше түрлі кейіпкерлермен тілдесесің. Бірінде қуанасың, енді бірінде кейбір адамдарға қолдың қысқалығынан көмектесе алмай, «өзіңді-өзің жейтін» сәттер көп…
Қарттарын қазынаға балаған «Элай-Құлан» қоғамдық бірлестігі 2017 жылы құрылып, содан бері жоспарға сәйкес жұмыс жасап келеді. Қазіргі таңда онда 11 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, түрлі бағытта қызмет етуде. Дәл қазір мұнда І және ІІ топтағы 15-ке жуық мүмкіндігі шектеулі қарт қатаң бақылауға алынып, күнделікті ем қабылдауда.
Жуырда аталмыш бірлестіктің қызметкерлері аудандық «Жастар ресурстық орталығының» мамандарымен бірлесіп, қамқорлыққа алынған қарттарды ерекше құттықтады. Жалпы шарапаты мол іс-шарада құлақ құрышын қандыратын ән де айтылып, мың бұралған арулар би биледі. Сондай-ақ, құттықтау кешінде М.Төлебаев атындағы саз мектебінің ұстаздары мен шәкірттері де түрлі аспапта ойнап, өнер көрсетті.
Жиын барысында құттықтау сөздер де айтылды. Нақты айтар болсақ, салтанатты жиында бірлестік төрағасы Марлан Әденов пен жастар ресурстық орталығының ұйымдастыру және бақылау бөлімінің басшысы Әбіләшім Мырқасымов сөз сөйледі. Құттықтаушылар қарттарға зор денсаулық, қажымас қайрат тілеп, дәл осындай іс-шараларды жиі ұйымдастыруға уәде берді. Өз кезегінде қарттар да мекеме басшыларына шексіз алғыстарын жеткізді.
Жиын соңында қарттарға арнайы ақ дастархан жайылып, ізгі лебіздер жалғасын тапты.
Жәнібек Сәдуақас.