МЕКЕМЕ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

599 Views

Ғалым да, шахтер де бас иетін,
Ұстазым, бар сенің қасиетің.
Білім берген, ой берген, ақыл берген,
Көз алдымнан кетпейді асыл бейнең…

Иә, осы бір әнді бала кезімізден жаттап, көпшілікпен бірге шырқап өстік. Бұл ғаламда аталмыш әуезді әннің осы бір шумағын білмейтін жан жоқ шығар, сірә! Себебі, ұстаз – әлемдегі ең ұлы есім. Шынтуайтына келгенде, оның алдында бәріміз де қарыздармыз. Неге екені белгісіз, ұстаз болуды өз басым бала кезден армандадым. Бала қиял арманыма жетелеп, бүгінде тәп-тәтті бүлдіршіндермен жұмыс істеп келемін. Біздің «Алтын сақа» бөбекжай-бақшасы 280 орынға арналған. Бүгінде онда 100-ге жуық қызметкер сапалы білім беру жолында аянбай қызмет етуде. Осы бір қажырлы еңбекті елеген басшылар мереке қарсаңында бірқатар балабақша тәрбиешілерін марапаттады. Дәлірек айтар болсақ, Эльмира Тогушакова мен Ғалия Əлкериева Луговой ауылдық округінің әкімі Мұратбек Свановтың Алғыс хатына ие болды. Ал аудандық білім қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің төрайымы Айнұр Баймұратованың Алғыс хатымен білікті ма­мандар Эльмира Қуатбекова мен Айжан Нышанқұлова марапатталды. Сондай-ақ, дәл осы күні мектепке дейінгі ұйымдар арасында өткен «Жүрегімді балаларға арнаймын» атты байқауда Гүлнұр Уәли жеңімпаз боп танылып, биіктен көрінді. Аты аталған әріптесімізге аудандық білім бөлімінің басшысы Майра Базарованың арнайы мақтау қағазы табысталды. Сонымен қатар, мереке қарсаңында марапатталған тәрбиешілер қатарында Қанзира Иярова, Гүлмира Муканова сынды мамандар да бар. Олар бөбекжай меңгерушісі Гүлмира Досқожаеваның Алғыс хатына ие болды.
Ұстаздар күні қарсаңында зор алғысқа бөленген әріптестерімді өз атымнан да құттықтай отырып, қиындығы мен қызығы көп жұмыста шығармашылық табыс тілеймін. Мерейлеріңізді үстем ететін шәкірттеріңіз көп болсын.

Әсел СОЛТАНАЕВА,
«Алтын сақа» бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі.

Поделиться ссылкой: