Күй анасы – Дина

475 Views

Дәулескер күйші Дина Нұрпейісованың туғанына – 160 жыл

Биыл атақты күйші Дина Нұрпейісованың туғанына – 160 жыл. Осыған орай, жақында аудандық білім бөлімінің іс-шаралар жоспарына сәйкес, Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің акт залында дәл осындай тақырыппен келелі конференция ұйымдастырылды. Аталмыш конференцияға Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің директоры, аудандық мәслихаттың депутаты Бердіхан Бабасов, аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Қадіржан Медеров, аудандық білім бөлімінің әдіскері Назгүлім Дарханбекова, аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыру және бақылау бөлімінің басшысы Әбіләшім Мырқасымов және әр мектептің музыка пәнінің мұғалімдері қатысты. Конференция өте жоғары деңгейде өтті. Оны өз көзімізбен көрдік.
Конференция шымылдығы Мемлекеттік Әнұранмен ашылды. Конференцияға қатысушылар Әнұранды қосыла шырқады. Қандай ғажап. Жүрек тулады осы сәтте. Содан кейін, хор Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін шырқады. Жүрек тіпті, тулай түсті. «Күннің өзі ұясына, Қимай оны батады екен». Не деген поэзия. Әні де, сөзі де келіскен классикалық туынды ғой, шіркін!
Бұдан соң, аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Қадіржан Медеровке сөз берілді. Ол өз сөзінде Азаттығымыздың 30 жылдық мерейтойлық датасымен тұспа-тұс өткізіліп отырған осы конференцияның маңыздылығына ерекше тоқталды. Сондай-ақ, Қадіржан Маратұлы Дина Нұрпейісованың күйлері ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып қалғанын, оның шығармаларын өскелең ұрпақ өкілдері де ұмытпай, әрмен қарай насихаттайтынына үлкен сенім білдірді.
Шыны керек, Дина Нұрпейісованың есімі қазақ күй өнерінің көрнекті өкілдерінің қатарына енеді. Ол жөнінде Құлан мектеп-гимназиясының музыка пәнінің мұғалімі А.Сұлтанбергенова кеңінен баяндап, түсіндіріп берді конференция барысында. «Шашу» тобының биші қыздары да «Қазақ» және «Домбыра» биін мың бұрала биледі. Сондай жарасымды. Негізгі тақырып Дина Нұрпейісованың өмірі мен шығармашылығы болған соң, онда күйдің орындалуын күттік бәріміз. Және ол солай болды да. Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің музыка пәнінің мұғалімі А.Кадиров өзінің шәкірті Б.Рысбековпен бірге Дина апамыздың «Әсемқоңыр», Құлан мектеп-гимназиясының музыка пәнінің мұғалімі А.Сұлтанбергенова «8-наурыз», Жамбыл атындағы орта мектептің музыка пәнінің мұғалімі С.Шарипханова шәкірттері А.Сайлау, Н.Тілеуханмен бірге «Тойбастар» күйлерін нәшіне келтіре орындап, конференцияға қатысушылардың қошеметіне кенелді. Бұдан соң, бір көріністің боларын ішіміз сезгендей-ақ екен, артынша сахна сыртынан хабарлай жөнелді.
Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің оқушылары көрініс сомдау жағынан өте мықты. Оны да сан мәрте көргенбіз. Бұл жолы да «Жас талант» үйірмесінің оқушылары «Құрманғазының Динаға берген батасы» атты театрлық қойылымын сәтті орындап шықты. Осындай талантты оқушыларды тәрбиелеп, сахна шеберлігіне баулып отырған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мәулен Тобықовтың еңбегіне «Браво!» дестік. Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Г.Бекебаеваның шәкірттерімен бірге орындаған «Желтоқсан үні» монологы жиналғандардың көзіне жас үйірілтті. Сөз құдіреті деген іс осы ғой…
Конференция соңы осы шараны жүргізіп, оның ойдағыдай өтуіне атсалысқан жас маман Т.Өксікбайдың орындауындағы Өктем Алтаевтың «Қазақстаным алға» әнімен аяқталды. Содан соң, келген қонақтар Нұргүл Төленқызы басшылық етіп отырған мектептің осындай конференцияның өтуіне себепші болғанына дән риза екендіктерін білдіріп, алғыстарын айтты.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: