477 Views
Қайырымдылық жасау – әр азаматтың парызы. Әркез жомарт, мейірімді, кеңпейіл жандардың арқасында қазақтың жоқ-жітігі бүтінделіп отырған. Бұл дәстүр – ата-бабадан бері жалғасып келе жатқан ізгі іс.
Табысты ел болуымыз үшін жақсылыққа ұмтылып, барлық қасиеттерімізді ізгілендіріп, сананы рухани жетілдіріп, дамытып, осындай ізгі іс істеп отыруымыз қажет. Жуырда ауданымызда тағы да қуантарлық жағдай болды. Мамайқайыңды ауылының тұрғыны, жалғызбасты ана Мәриямға «Жан жылуы» қайырымдылық қорының жетекшісі Жәнібек Жүсіпов баспананың кілтін табыс етті. Бұл «Жан жылуы» қайырымдылық қорының мұқтаж жандарға беріп отырған 6-шы үйі. Баспананың кілтін тапсыру салтанатында Жәнібекке ауыл ақсақалдары, ақ жаулықты аналар, қайырымдылық қорының мүшелері өздерінің алғыстарын жеткізді. Мәриям апайдың баспаналы болуына көрсеткен көмегі үшін қайырымды үлкен жүректі, жомарт жан Әріпұлы Мәкенді айтып кетейік. Бұл кісі Луговой ауылында өскен, қазір Алматы қаласының тұрғыны, кәсіпкер. Мәкен баспанаға 1,900,000 мың теңге ақша аударды. Сондай-ақ, Құлан ауылының тұрғыны, кәсіпкер Туралиева Әселді ерекше айтуға болады.
Лайым, елімізде осындай атымтай жомарт жандар көбейе берсін. Жастарымыз осындай жандарға қарап бой түзейді. «Жан-жылуы» қайырымдылық қорының жетекшісі Жәнібек Жүсіповтың ізгі істері оның үлкен жүректі азамат екенін, оның имандылығы мен қайырымдылығын, мейірімділігін көрсетті.
Есенкүл Мұхтарова,
«Жан жылуы» қайырымдылық қорының комиссия мүшесі.
Поделиться ссылкой: