Не жетер, «Жас Ұлан» деген лайық атқа…

773 Views

«Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы 2011 жылы 6 шілдеде еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынып, құрылған болатын. «Жас Ұлан» қазіргі күні оқушылардың шығармашылық әлеуетін арттырып, жас өрендерді ұлтжандылыққа, патриоттыққа тәрбиелейтін бірегей ұйымға айналып отыр. Жыл өткен сайын бұл ұйымға мүшелікке қабылданған оқушылардың да саны артып келеді. Оған сәрсенбі күні Құлан мектеп-гимназиясында «Кемелді келешекке – кемеңгер Елбасымен» деген тақырыпта аудандық «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы көшбасшыларының арасында өткен форумда көз жеткіздік.
Форумға аудандық білім бөлімінің методикалық кабинет меңгерушісі Қадіржан Медеров, аудандық білім бөлімінің тәрбие ісі жөніндегі әдіскері Гаухаржан Ноғайбаева және аудандық балалар мен жасөспірімдер орталығының директоры Айдар Жұмағұлов қатысты. Форум өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған екен. Осы іс-шараның басы-қасында кірпік ілмей, еңбек етіп жүрген аудандық «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының үйлестірушісі Эльзат Тілеубаеваның іскерлігіне тәнті болмасқа, тағы болмайды.Форумның алғашқы бөлімінде әдеттегідей, 7-16 жас аралығындағы ауданымыздың үздік 20 оқушысы «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымына салтанатты түрде қабылданды. Одан соң, оқушылар би биледі, ән айтты. Атап айтсақ, М.Горький атындағы орта мектептің оқушысы Ермек Есімбек «Туған ел» әнін, Ақбұлақ орта мектебінің оқушысы Аяулым Мырзабай «Тәуелсіз Қазақстанның қызымын», Жамбыл атындағы орта мектептің оқушысы Жәния Амангелді «Отан» әнін шырқаса, Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің «Шашу» би тобының қыздары мың бұрала биледі. Ахмет Байтұрсынов атындағы шағын орталықты орта мектептің ұланбасшысы Мерей Алтынбекова, Қаныш Сәтпаев атындағы орта мектептің ұланбасшысы Асылжан Құрама, Мұхтар Әуезов атындағы тірек мектептің ұланбасшысы Шұғыла Ақбас және Ақыртөбе орта мектебінің ұланбасшысы Севера Абдыхалықова тәуелсіздік және ел бірлігі хақында өз ойларын өрелі сөздің өрнегімен өрді.
«Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымына оқушы тарту мектеп тәлімгерлерінің тікелей жұмысы екенін айту ләзім. Форумда мектеп тәлімгерлерінің де марапатталуы сондықтан. Форум соңы мектеп тәлімгерлерінің орындауында ақын Қадыр Мырза Әлінің сөзіне жазылған Ескендір Хасанғалиевтың «Атамекен» әнімен қорытындыланды.

М.Диханбай.

Поделиться ссылкой: