“Сайтанның сапалағы”

570 Views

немесе лаңкестер қайдан шығады?

Аса дарынды жазушы Смағұл Елубаев: «Адамды сүйген адам күндердің күнінде адамның пендешілігін көріп опынады. Алланы сүйген адам ешқашан опынбайды. Өйткені, Алла мінсіз. Алланы сүйген адам адамды сүйеді, адамға Алланың көзімен қарап, кемшілігін кешіріп отырады. Демек, Алланы сүю арқылы адамды сүйеді екенбіз. Діннің пайдасы осында» – дейді. Осы ақиқи жолда Абай да мың өліп, мың тірілгенге ұқсайды. Әйтпесе, Алласыз Абай…Абай бола алар ма еді?! Абайдың жүріп өткен жолының хикметі де осында. Иман жолы. Бүгінде біз Абайды «ұлы» деп жүрміз. Егер Абай тіріліп ортамызға келсе: «Мен ұлы емеспін. Жаратушы бір Алла – ұлы» дер еді.
Міне, біздің пендешілігіміз де осында жатқан жоқ па? Әлгі террористер деген қайдан шығады осы… «Әрине адам санасына сайтан салған ойдан шығады» дейді тағы да сол Смағұл Елубаев ағамыз. Террорист дегеніміздің өзі лаңкес емес пе? Баяғыда апаларымыз бір жұмысқа жұмсаған ұлы тілін алмай, кежегесінен кейін кетіп тұрса: «Мынаның желкесіне сайтан мініп алған ба осы? дей-тұғын. Қажылыққа барып келген Қани деген жездеміз елге жеткен соң: «Апыр-ай, сайтанның сапалағын да көріп келдік» деген көрінеді. Сөйтсе, әлгі сөзін аса түсінбеген замандастары: «Қанеке-ау, сайтанның да сапалағы бола ма?» демей ме? Сонда беделді қажы ағамыз: «Осы сөздің түп төркінін өзім де аса жақсы түсінбей жүруші едім. Меккеге барып «сайтан тасқа» жеті-жетіден үш мәрте жиырма бір тас атқанда барып санама жетті. Сөйтсем, апаларымыз айтып жүретін желкемізге мініп алған «сайтанымыз» осы жерге барып тас атқан соң сонда қалып қояды екен. Содан соң ғана қажылық сапардан қайтқан әр мүмін «шыр» етіп жарық дүниеге келгендегідей періште қалпына келеді екен. Біздің жақтағыларды қайдам, мына шымкенттіктер қажылық сапардан оралған жерлестерін табанын қара жерге тигізбей, аяғының астына ақ мата төсеп үйіне кіргізіп алатын көрінеді. Онысы: «Сен енді сүттен ақ, судан таза қалпыңа келдің, сенің сайтаның сол жақта қалды, енді күнәң да жоқ» деп қадірлеп, төріне оздыратынын көрген-білген жұрттан естіп жүрміз.
Адамзат баласын ақ жолдан тайдыратын да осы сайтанның желкемізге мініп алған кезінен басталса керек-ау. Әйтпесе, бірінен бірі өткен сорақы идеялар болмаса адам азғындыққа бармас еді. Маркс: «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!» деген ұран тастағанда Достаевский: «Бұл теория іске асар болса, бір жүз миллион адамды жұтатын шығар» деген екен. Жазушының айтқаны рас болып, ХХ ғасырда осы төңкерісшіл теорияны ту еткен Ленин, Сталин, Мао, Ким Ир Сен, Пол Пот, Гитлер соншама жанның жанын жаһаннамға жіберді. Маркстің: «Дін – апиын» деген теориясы да Құдай жолындағыларға қырғидай тиді. Міне, сайтанның салған сапалағы.
Халық не болса, соған сенеді. Гитлердің: «ариилерден өзге жұрт адам емес» деген террористік теориясы қаншама адамның обалына қалды. Екінші Дүниежүзілік соғыста осының салқынынан 20 миллион адам қаза тапты. Осындай өктемшіл идеяны Сталин де айтты. Оның: «кулактарды тап ретінде жою керек» деген идеясынан соң ауқатты деген шаруалар демде «халық жауы» болып шыға келді. Ауқаттылар жойылысымен ашаршылық орнады. Осындай нәубет қазақ ұлтының жартысына жуығын жалмаған жоқ па? Ол аздай, 1925 жылы Қазақстанға Ф.Голощекин деген тажал келіп: «Қазақтарды Ұлы Октябрь революциясы айналып өткен екен, бұл елде кіші Октябрь жасау керек» деп қарға тамырлы қазақты қынаша қырды. Сөйтіп, момын елге қасірет әкелді, басына қара түнек орнатты.
Осының барлығы дүниені нәпсі жайлағаннан, құдайсыздықтан туып отыр. Бәрі де сайтанның азғыруынан пайда болады. Осылардың ең дөрекісі өз тіліңе деген опасыздық. Бәленің бәрі өзге тілге табынудан басталады. Қадыр Мырза Әлі: «Өзге тілдің бәрін біл. Өз тіліңді құрметте» демей ме? «Ана тілге деген опасыздық түбінде атажұртқа деген опасыздыққа ұласады» дейді С.Елубаев. Шераға бірде Сібірде өткен түркі халықтарының симпозиуымына барады. Сөйтсе, аз ұлттардың бір өкілі, жазушы қандасымыз биік мінбеде тұрып: «Қазір менің фамилиям да, атым да орысша, тілім де орысша. Менде ұлт та, ұлыс та жоқ. Айналайындар?! Өле өлгенше тілдеріңнен ажырамаңдар. Тілдеріңді жоғалтсаңдар, ұлттарыңды да жоғалтасыңдар» деп жылап тұр дейді.
Сондықтан да өзге тілдің ғұмырын ұзартқанша өз тіліңнің болашағын ойлағаның жөн. Бұл өзге тілді білме деген сөз емес. Өйткені тіл үшін күрес ел үшін күрес болып табылады. Кейбіреулердің сандырағына сеніп, яғни сайтанның азғыруына ілесіп жүрмейік. «Сайтанның сапалағы» деген осы, ағайын! Лаңкес те, ібіліс те бір. Ібілісің де сол сайтанның серігі. Сананы сайтан жайламасын деңіз.

С.Қожеке.

Поделиться ссылкой: