батыр Байтасовтың ерлігі бағаланды

678 Views

Ғазиз Байтасовтың есім — сойылын атағанда санаңа бірден 2011 жылдың 12 қарашасында орын алған оқиға еріксіз оралады да тұрады. Неге екені баршаңызға аян болар… Иә, дәл осы күні Тараз шаһарын төңкеруді көздеген қанды қарақшыны тоқтатпақ болған сәтте батыр Байтасов ерлікпен мерт болған болатын. Оның сол сәттегі жанкештілігін, ерлігін ескерген Елбасы кейіннен оған «Халық қаһарманы» деген атақ берді. Міне, сол мезеттен бүгінгі күнге дейінгі аралықта 10 жыл өте шығыпты. Өткен аптада батыр ұлдың есімін еске алу үшін аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері мен ардагерлері ғимарат алдына жиналды. Ондағы басты мақсаттары – қызмет кезінде мезгілсіз қаза тапқан құқық қорғау саласының қызметкерлерін еске алу болатын. Аталмыш салтанатты жиынға бөлім басшысы Олжас Омарбеков, полиция ардагерлерін бастаған ұйым төрағасы Еділхан Жақсығұлов және жеке құрам қызметкерлері қатысты. Жиын барысында Олжас Омарбеков бөлім қызметкерлеріне салтанатты іс-шараның мақсатын айтып, қаһарман Байтасов жайында ойымен бөлісті. «Ғазиз Байтасовты өз басым жақсы танитынмын. Өзі ақылды, ісіне ұқыпты, адал, қызметтік жауапкершілікті бәрінен де биік қоятын азамат еді. Сондықтан болар, ол сол бір қысылтаяң сәтте еш ойланбай ерлік жасап, лаңкестің арам ойын кесті. Бұл жағдай әрқайсымыздың басымыздан өтуі мүмкін. Сол сәтте тосылып қалмай, оң шешімін тауып, жедел әрекетке көшу – аса маңызды. Дәл осы қадам өздеріңіздің де, тұрғындардың да өмір қауіпсіздігін сақтауға септігін тигізетіні анық. Мен өзімнің еңбек жолымда терроризмге қарсы бірнеше операцияға қатыстым. Шынымды айтайын, оңай емес. Бұл жағдайда әрбір құқық қорғау саласының қызметкері психологиялық және физикалық тұрғыдан дайын болғаны абзал» деп, ерлікпен қаза тапқан батырларды бір минут үнсіздікпен еске алуға шақырды.
Бір минут үнсіздік жарияланғаннан кейін сала қызметкерлері ғимарат аумағында тұрған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, Байтасовтай батыр ұлдардың ерлігіне жоғары баға берді.  

Жәнібек БАЗЫЛБЕК.

Поделиться ссылкой: