Қара өлеңнің Кербұғысы

486 Views

1960-1970 жылдары қазақ поэзиясына бір топ адуынды жас ақындар келді. Олар жай келіп қойған жоқ, өлең дейтін қасиетті өлкеге өзіндік леп әкелген таланттар болып есептелді заманында. Әдебиеттің алтын ғасырына баланған сол бір жылдары Жұмекен Нәжімеденов, Төлеген Айбергенов, Фариза Оңғарсынова, Қадыр Мырза Әлі, Күләш Ахметова сынды ақындардың туындыларын қарапайым халық іздеп жүріп оқитын. Расымен де, сол кезде қазақ поэзиясы биік шыңға көтерілді. Әрине, аты аталған ақындардың ішінде біз қазақтың мұзбалағына баланған Мұқағали Мақатаевтың есімін ерекше атаймыз.
Дархан көңілді қазақтың тарихында небір талайды таңғалдырған ақындар көп болған ғой. Десе де, қазақ поэзиясында қара өлеңнің өрелі өрнегін құйындай құлпыртқан бірегей ақын Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаев екенін мойындауымыз керек. Мұқаң даланың даналығын сезінген дара талант. Оған ешкімнің де күмәні болмауы тиіс. Өйткені, «Мен дауылдың ұлымын, Тұра алмаймын дауылсыз» деп қайсар рухты Қасым ақын айтқандай, оның отты жырларынан дауылды дүркіреткен дауылпаздың үні аңғарылады. Сондықтан да ол – Мұқағали болып тарихта қалды.
Сырым да – осы,
Жырым да- осы
Алдыңда.
Байқашы бір,
Бықсыдым ба жандым ба?
…Махаңдар жоқ,
Махаңдардың сарқыты
Мұқағали Мақатаев бар мұнда!
Мұқағали Мақатаев қырықтың қырқасына шыққанмен, елудің етегінен ұстап үлгермеген ақын. Небары 45 жас ғұмыр кешті. Алайда, творчестволық өмірбаян тұрғысынан келсек, біздіңше, Мұқаң айтарын айтып, жазарын жазып кеткен ақындар санатында. Оның өлеңдері жас талғамайды. Жастың да, жасамыстың да Мұқаңның жырларын жатқа айтуы сондықтан.
Қазақы жырдың қаймағын поэзия әлемінде қайта тулатқан жыр дүлділі Мұқағали Мақатаевтың есімі әрқашан қазақ халқымен үндес және мына фактіні біз айрықша атап өткіміз келеді. Қанша жыл өтсе де, Мұқаңның пайымды шумақтары көрікті жырдың көші болып қала бермек.

Нұргүл Мамытова,
№5 шағын орталықты орта мектебінің кітапханашысы.

Поделиться ссылкой: