Тәуелсіздікті сыйлаған тарландар

499 Views

Тәуелсіздік! Осынау қастерлі сөзді болашақ ұрпақ сезінсін деп, қаншама бабаларымыз жанқиярлық танытып, жазықсыздан-жазықсыз жапа шекті. Керей мен Жәнібек хан халықтың қамын күйттеп, Қасым хан қайсарлықпен шайқасып, Абылай бабамыз аттан түскен жоқ. Алаш көсемдері Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабаев сынды зиялыларымыз ұлт мүддесі үшін бастарын қатерге тікті. Солардың қайсар мінезінен қуат алған желтоқсаншылар 1986 жылы қылышынан қан тамған қызыл империяның айдағына көнбей, қазақы намыстың ұшқынын ұқтырды. Осылайша, 1991 жылдың 16-шы желтоқсанында қазақ жерінде бұрын-соңды болмаған тарих орнады. Бодандықтың қамыты артта қалып, Алаштың төрінде тәуелсіздіктің таңы атты. Барша қазақ бөркін аспанға лақтырып, қуаныштан көз жасқа да ерік берді. Ол – жай жас емес, ішкі түйсікті жарып шыққан шынайы жас болатын. Міне, біз ғұмыр кешіп жатқан Тәуелсіз Қазақстанның тарихи құндылықтары осындай. Айтар сөзге оңай болғанымен, таусылмас төзім мен жаралы жылдардың жеңісі бұл. Енді осындай қиын сәтте тәу етер тәуелсіздігімізді ұлықтап, мемлекеттің татулығы мен бейбітшілігін, берекесі жарасқан ынтымағын сақтау барлығымыз үшін міндет деп білеміз.
Биылдан бастап, желтоқсаншылардың ерлігі мен есімдерін ел арасында ұлықтап, оларға барынша қолдау көрсету мақсатында ауданда тағы бір қоғамдық бірлестік құрылып отыр. Ол Жорабек Ануарбекұлы төрағалық ететін «Құландық желтоқсан ардагерлері» қоғамдық бірлестігі. Өткен сенбіде олар Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде жиын өткізіп, өз ойларын ортаға салды. Жиын барысында желтоқсаншылардың есімдері көп жағдайда ескерілмей қалатындығы, аудан бойынша Желтоқсан оқиғасына жалпы жиынтығы 50 адамның қатысқаны, өкінішке орай осы 50 адамды жұрт біле бермейтіндігі, аталмыш қоғамдық бірлестік мүмкіндігінше 50 желтоқсаншыны анықтап, оларды мүшелікке қабылдап, алдағы уақытта олар жайлы мақалалар жазылып, жеке кітап шығару жайында сөз қозғалды.
Суретте: аудандық «Құландық желтоқсан ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің мүшелері.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: