жеңімпаздар анықталды

676 Views

Өткен аптада ұлттық құрама жігіттері 2022 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Франциямен сырт алаңда ойнап, бақ сынасты. Өкінішке орай, Париждегі «Парк де Френс» стадионында өткен кездесу француздардың пайдасына қарай 8:0 есебімен аяқталды. Айта кетейік, бұл Қазақстан құрамасының ресми кездесулердегі ең ірі жеңілісі болып табылады.
Ойын барысында Стас Покатилов қорғаған біздің қақпаға Килиан Мбаппе төрт гол салып, покер жасаса, Карим Бензема қос бірдей гол салды. Ал Адриен Рабьо мен Антуан Гризман бір-бір голдан соғып, ұлттық құрамадағы статистикасын жақсарта алды. Негізінен бұл бағыттағы жұмыстар біздің ауданда әлдеқашан басталып та кеткен. Соның бірі – аудан әкімінің кубогы. Жыл сайын тартысқа толы өтетін бұл турнир бір ай бұрын басталып, түндігін түрген болатын. Өткен аптаның жұмасында сол бір дүбірлі доданың қорытындысы шығарылды. Аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ерлік Шабеев бастаған мамандардың айтуынша, турнир тартысқа толы өтіпті. Он беске жуық команда бақ сынаған жарыста бірінші орынды Құлан ауылдық округінің командасы қанжығасына байласа, екінші орынды «Көкарық» командасы иеленді. Ал «Көгершін» командасы үздік үштіктің қатарынан көрініп, қола жүлдені місе тұтты. Сондай-ақ, аталмыш шарада аудан әкімі Ерболат Садырқұловтың Алғыс хатымен жеке марапатталғандар да болды. Олардың қатарында Әмірхан Айдар (Үздік ойыншы), Бақытжан Шатаев (Үздік шабуылдаушы) Бауыржан Әбілда (Үздік қақпашы), Мұнар Бата (Үздік қорғаушы) сынды сақа ойыншылар болды. Ал байрақты бәсекенің ардагер ойыншысы ретінде Талғат Әлімбеков танылды.
Іс-шара соңында сөз сөйлеген аудан әкімі Ерболат Садырқұлов бұқаралық спортты дамыту жолында аянып қалмау керектігін, дәл осы бағыттағы жұмыстарды әрмен қарай жалғастыруды аудан әкімдігінің денешынықтыру және спорт бөліміне тапсырды. Сөз соңында шараға қатысқан әрбір аудан тұрғынына ел спортының жандануына үлес қосып жатқандары үшін алғыс білдірді.
Р.S: Айта кетейік, бұл жарыс ересектер арасында өткен болатын. Алдағы уақытта «Аудан әкімінің кубогі» балалар мен жасөспірімдер арасында да сарапқа салынса деген ұсынысым бар. Кім білер?! Мүмкін сол жарысқа қатысқан балалардың бірі болашақта ұлттық құрамада ойнап, ел мерейін үстем етер. Бұл енді бөлек әңгіме…

Жәнібек Сәдуақас.

Поделиться ссылкой: