Қарт ананы құттықтады
34 ViewsЖурналистика – жүрекке салмақ салатын мамандық. Неше түрлі кейіпкерлермен тілдесесің. Бірінде қуанасың, енді бірінде кейбір адамдарға қолдың қысқалығынан көмектесе алмай, «өзіңді-өзің жейтін» сәттер көп…
Жәнібек Базылбек: 2003 жылдың бірінші қыркүйегі. Білім күні. Тоқтар Әубәкіров атындағы негізгі мектептің ашық алаңында тұрмыз. Салтанатты жиын өтіп жатқан сәт. Дәл осы күні қазақтың тұңғыш ғарышкерін алғаш рет өз көзіммен көрген едім. Бойы ұзын, жауырыны қақпақтай, құдды бір эпостық жырлардан қайта тіріліп келген батыр дерсің өзін. Тіпті, болмысына ұзақ қарап, «Тау тұлға» деген атаққа лайық азаматтың нақ өзі деген ойға келдім. Содан бері болмысы бөлек батырдың өмірі мені қатты қызықтырады. Ол туралы газет-журналдарда жазылған мақаланы, көк жәшіктен көрсетілетін деректі фильмдерді де жібермей көремін.
Жуырда сол әдетпен газет беттерін парақтап отырып, сақа журналист Қали Сәрсенбайдың «Ана тілі» газетінде жарияланған керемет бір мақаласына көзім түсті. Бар жұмысты ұмытып, оқуға кірістім. Пах, шіркін! Керемет жазылған материал екен. Ұлттық болмысты түзеуге, өшкен рухты қайта тұтатуға арналып жазылған мақала екеніне әбден көзім жетті. «Сіздер де оқып көрсін» деген ниетпен аталмыш мақаланы редакциялық құрам ақылдаса келе, газетіміздің бүгінгі санына салуды жөн көрдік. Ескеретін бір жайт бар. Назарларыңызға ұсынып отырған мақала тамыз айында жазылған екен.
Танымал адамдардың бәрін Тұлға деуге бола ма? Жоқ, әрине. Тұлға бар, бірақ аз да емес, көп те емес. Солардың бірі де бірегейі бүгінде жетпіс бестің қыр желкесіне шығып, адамгершілік арына шаң жуытпаған, бойына ойы сай, ердің сойы, қайта тумас Тоқтар Әубәкіров.
Қазір дүние назары Токиода. Осы бір күндерде намыс деген ұғымның да әлсін-әлсін ауызға алынуы түсінікті. Біз білгенде намыс деген не еді өзі? Қай спортшы жеңісті қолдан бергісі келеді дейсің? Онда бізге не жетпейді? Дейтұрғанмен де, осы сауалға кешегі өзгені өзекке тепкен кеңестің тұсында ұлтының намыс найзағайы болып жарқылдаған нар қазақ өмірінен де жеткілікті жауап табуға болады.
Кеңестің тұсында «Мақтанса бүгін мақтансын қазақ, төбесі көкке тимей тұр аз-ақ» деп келетін сөзі сұйық, әуені әдемі бір ән болатын. Ол кездегі мақтанымыз белгілі, әрине. Алайда тәуелсіздігімізді алғанда, тұңғыш Көк туымыз желбіреп, тұңғыш ғарышкеріміз көкке самғағанда төбеміз көкке сәл-ақ тимей қалғаны рас еді.
Міне, сонда шын мақтанғанбыз! Түркі жұртында тұңғыш рет айға ұшқан ғарышкер – қазақ Тоқтар Әубәкіров еді ғой.
Тоқаң туралы айтқанда, тұңғыш сөзі қатар жүреді. Ол – аэродинамиканың асқан білгірлерінің өзін жаңылдырған, КСРО Қорғаныс министрлігінің Бас штабында әскери құпия тақырыпта айқасқан генералдардың алдында докторлық диссертация қорғаған тұңғыш қазақ. Аралдың тұзы мен Теміртаудың түтінін ғарыштан тұңғыш зерттеп, оның қыр-сырын, жұмбағын тұңғыш ашқан қазақ.
Ол – кеңестің ең ұшқыр, дыбыстан да жылдам аса қуатты 50 әскери ұшағын тұңғыш сынақтан өткізген сынақшы-ұшқыш. Бұл саладағы айрықша батылдығы мен жетістігі үшін Гиннестің рекордтар кітабына кірген тұңғыш қазақ. Дүниежүзілік авиация мұражайында әйгілі он адамның ортасында тізім бойынша үшінші болып тұр.
Түркі жұртында тұңғыш рет айға ұшқан
ғарышкер – қазақ Тоқтар Әубәкіров.
Ол – КСРО Қорғаныс министрлігінің Бас штабында докторлық диссертация қорғаған тұңғыш қазақ.
Ол – Аралдың тұзы мен Теміртаудың түтінін ғарыштан тұңғыш зерттеп, жұмбағын тұңғыш ашқан қазақ.
Ол – кеңестің ең ұшқыр, дыбыстан да жылдам 50 әскери ұшағын тұңғыш сынақтан өткізген батылдығы мен
жетістігі үшін Гиннестің рекордтар кітабына
кірген тұңғыш қазақ.
Мына бір жағдайды айтайықшы. Әйгілі «МиГ» ұшақтарын сынап, кеме пабуласына қондырды. Сынақ кезінде 26 ұшқыштың 9-ы қаза тапқанда, бұл жүрек жұтқандық емей, немене!? Ал енді дыбыстан да жылдам сол зымырандарды жерге қондырмай, әуеде жанармай құйып, тоқтаусыз ұшу дегенді көз алдыңызға елестете аласыз ба, адамның санасына сыймайтын алапат жағдай ғой. Ол, сөйтіп, кешегі Бауыржанға бермеген «Кеңес одағы батыры» атағын осылай тартып алған. Дұрысы, империялық өктемдікті мойындатып, кеудесін басқан.
Қазақта батыр көп те емес, аз да емес. Алайда ой батыры мен қол батыры (М.Әуезов) сирек. Сол сиректің бірі – Тоқтар.
Батырдың да батыры бар. Біреуі сұсты, біреуі аса қатал, енді бірі сол батырлығын білдірмейтін керемет мейірім, бауырмалдықтың иесі. Үнемі жымиып жүретін оның халқына деген мейірімінде, махаббатында шек жоқ.
Нар қазақ, нағыз қазақ, Халық қаһарманы Тоқтар Оңғарбайұлының мына жүрекжарды сөзін қалай тебіренбей оқуға болады.
«…Менің көкірек-кеудемді кернеген бір нәрсе болды. Ол – ұлттық сана. «Мен неге өз тілімде сайрап тұрмаймын осы» дедім өзіме-өзім қамшы басып.
…Қазақ әр кезеңде де басынан өткізген тарихи жағдайларға қарамастан, салт-дәстүрімізді мұра ретінде қастерлеп, ұрпағына ұлағатты тәрбие бере білді. Ал бүгінде осы асыл құндылықтарымыздың тамыры ажырап барады. Сондықтан да мына жаһандану заманында, ең алдымен, ұлттық рухымызды, мәдениет және ұлттық тәрбиемізді сақтап қалуымыз қажет.
…Қазақты аштан өлтірмейтін, көштен қалдырмайтын тетік – намыс. Егер менде намыс болмаса, өз Ана тілімді үйренбес едім. Құпиямды айтайын: мен тілді қазақи ән-жыр арқылы үйрендім. Кейінгі жастарға айтарым, орысша да, ағылшын тілін де үйренсін, бірақ, ең бірінші қазақ тілін – өз ана тіліңді біл. Қазақша үйренгісі келмейтін қазақтарды өздеріне-өзі қарсы адамдар деп санаймын.
…Жаны да, жалы да сұлу жылқы жануары о бастан киелі қазақтың сенімді серігі, қуатты қанаты болған. Сәйгүліктерді ата-бабамыздың дәстүріне сай өте жақсы көремін, кербез жануарларға қарап сүйсінемін, менің қазіргі ермегім де сол. Жылқылардың құйрық-жалдарын төгілтіп, шауып жүргенін тамашалауды мен ғана емес, балаларым да ұнатады, бұл дегеніңіз – тілмен айтып жеткізе алмайтын сұлулық қой».
Жылқыны жақсы көру – қазақты жақсы көру. Өмірі орыс ішінде өткен қазақтың ана тілін тез меңгеріп алуы да өз ұлтын өліп-өшіп сүюдің үздік үлгісі. Тағы да, Мұқаң айтқандай, ой батыры, рухани батырлық деген осы емес пе!? Кісілік құндылықтардың көрсеткіші деген осы.
«Ұлтқа жасаған жақсылығың үшін одан бірдеңе дәмету – өте ұят нәрсе» депті Ататүрік. Ұлтын тізерлеп отырып сүйген адамға, шын батырға ұят тән. Ұят – батырлықтың алтын қазығы. «Жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас» деген сөз тағы бар. Оның жоқ жерден батырмын деп кеудесін соғып, жұртқа үрке қарап, тәйтік мінез көрсеткен жері және жоқ. Сұңғыла бойынан сұңғылалықтың, парасаттылықтың лебі еседі де тұрады.
Тіпті осы бір күндері ол өзіне деген халқының орнымен көрсетіліп жатқан сүйіспеншілігіне де қай кезде де ұстаз алдындағы оқушыдай біртүрлі именіп, иманы бетіне шығып, ұялып, қымсынып тұрады.
Батырлықтың баламасы – ар, ұят, намыс. Оны осы биігінен түсірмей, көтеріп келе жатқан да осы ұлы үш қасиет.
Қали СӘРСЕНБАЙ.