Тәрбиенің өзегі – балабақшадан басталады
16 Views«Театр – киімілгіштен басталады» деген сөз бар. Сол секілді бала тәрбиелеу ісінің алғышарты да балабақшадан басталатыны сөзсіз. Осы ұғымды мақсат еткен аудандық аналар кеңесі…
деген тақырыпта әдеби керуен кеші өтті
Сәрсенбі күні ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай облыстық Шоқан Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде «Ауыл деген тал бесігің, тамырың» деген тақырыпта әдеби керуен кеші өтті. Әдеби керуен кештің шымылдығын аудан әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаев сөз сөйлеп ашып, әр кейіпкер жөнінде оябы бөлек сөздер өрбітті.
Әдеби кештің басты кейіпкерлері ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қуандық Шолақ, ( ол денсаулығына байланысты қатыса алмады) ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жерлесіміз Шырын Мамасерікова, композитор, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Дүйсеналы Бықыбаев, ақын, Қазақстан Жазушылар Одағы Жамбыл облыстық филиалының директоры, «Егемен Қазақстан» газетінің Жамбыл облысы бойынша меншікті тілшісі Хамит Есаман болды. Әлгінде жазғанымыздай, Қуандық Шолақ бұл іс-шараға денсаулығына байланысты қатыса алмағандықтан, ақынның немересі Ерсайын Қуандық табиғат тамыршысы атанған шайырдың орнын жоқтатқан жоқ. Ұйымдастырушылар Мэлс Өзбековтің де есімін ұмыт қалдырмапты. Әуезді әндері елдің есінде қалған талантты композитордың інісі Тәліпбек Шақбаевты арнайы шақырыпты.
Ол Мэлс ағасының адамгершілік болмысы мен әндерінің шығу тарихы жайлы тың деректерді айтты. Мэлстің әндері шырқалғанда ғой тегі, залға жиналған халық тарапынан қошемет ерекше болды. Нұргелді Оспановтың орындауындағы Қуандық ақынның Тұрар Рысқұлов туралы жазған толғауы жүректі шымырлатты. Жалпы, осы кеште «Келші Құланға», «Қазақстаным алға», «Сұлутөр аруы», «Тобылғы сай», «Келші Айым», «Біз екеуміз», «Тағы да келді бір көктем», «Қаздар ұшып барады қарашада» әндері шырқалды. Әр ән орындалған сайын сахнадағы лед-экраннан бейнероликтер көрсетіліп жатты. Және онысы ұтымды шықты біздіңше. Осындай кеште поэзияның сөйлеуі де орынды ғой. Ұйымдастырушылар мұны ескеріпті. Қуандық Шолақтың, Шырын Мамасерікованың, Хамит Есаманның өлеңдерін кітапханашылар мәнерлеп, нақышына келтіріп оқыды. Композитор Дүйсеналы Бықыбаевқа көрермендер қолқа салды. Сценариден тыс болған жайға ол абдыраған жоқ, «Біз екеумізді» домбырамен орындап, халықтың ықыласына кенелді. Әдеби керуен кештің кейіпкерлері Шырын Мамасерікова мен Хамит Есаман да өз шығармашылығынан өлеңдер оқыды.
Марат Диханбай.