Кәсіби мереке кең көлемде аталды

450 Views

Қазақстан күнтізбесінде сан алуан кәсіби мерекелер бар. Солардың қатарына 23 қарашаға белгіленген жол полиция қызметкер–лерінің күнін де жатқызуға болады.Апта басында аудандық полиция бөлімінің алаңында сала ардагерлері мен жеке құрам қызметкерлері кездесті. Ондағы олардың мақсаттары – біріншіден, кәсіби мерекені атап өту болса, екіншіден, құқық қорғау саласында еңбек етіп, өмірден озған азаматтарды еске алу болатын. Жалпы біздің ауданда аталмыш саланың дамуына серпін берген ардагерлер өте көп. Олардың қатарына Сембек Қиялбековты, Құрманғазы Тілеуғабыловты, Абдулла Нүсіповты, Әділ Әбішовты, Жұмаділ Ниязқұловты, Бауыржан Таштановты жатқызуға болады. Сондай-ақ, бұл тізімге Есен Бекеновты де кіргізіп, ардагердің есім-сойылын ерекше атап өтуге болады. Себебі, аты аталған ардагер аталмыш салада он жеті жыл үздіксіз қызмет еткен. Тіпті, аймақтың бірқатар аудандарында жол полициясының басшысы да болған.
«Мен бұл салада он жеті жыл жұмыс жасадым. Ресейдегі оқуымды тәмамдағаннан соң бірден жұмысқа орналасып, өз еңбек жолымда Мойынқұм және Талас аудандарында жол полициясының басшысы болып қызмет еттім. Одан соң өзіміздің ауданға оралып, саланың дамуына, жұмыстың жандануына үлес қостым деп есептеймін. Бүгін міне, бұрынғы әріптестерімізбен кездесіп, зор қуанышқа кенеліп отырмыз. Өткен-кеткенді еске алып, қазіргі жеке құраммен де тілдестік. Бәрі ойдағыдай өтті. Шараның жоғары деңгейде өтуіне ықпал еткен қазіргі басшылық құрамға айтар алғысымыз шексіз» деп, ғимарат алдында тұрған ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

Жәнібек БАЗЫЛБЕК.

Поделиться ссылкой: