Мал жайлауға шыққанда

1 133 Views

 

                 “Шәйсандықта”

 немесе “Тұрғынтегі” шаруа қожалығында болғанда

 Жаз жайлауға шығатын шақта «Байтелі» көлі маңындағы қыстау тұсында малын суатқа түсіріп, үйездетіп жатқан «Тұрғынтегі» шаруа қожалығының аға шопаны Әлібек Баймұратовқа келдік. Бұл өзі аты ауданға мәлім атақты шопан Мұсылманқұлдың баласы. Көктен төнген күннің ыстығы адамның ғана емес малдың да апшысын қуырып барады. Шілде түспесе де оның шіліңгір ыстығы ерте келгенге ұқсайды, көделі көлдегі шағала, үйректің өзі қанатымен су сабалап, анда-санда айдынға бір сүңгіп алады. Көлден баяу ғана қоңыр жел ескендей болады. Бірақ, қырық градусқа жетеқабыл аптап лажсыздан көлеңке іздетеді. Қылшық жүнді қазақы қойлардың қырқыннан шыққанына көп бола қоймаған, сонда да жыңғылды шыбырға тұмсықтарын тығып алған саулықтар желінін түртпектеген қозысына қарамай бір-бірінің бауырына тығылып алған.

Жаңа әлгінде ғана «Қызылшаруа» ауылынан «Бесқатын» мен «Қаратөбе» қыстауына баратын қасқа жолдан шымқай қара «Джиппен» бұрылып

 келіп қотанға тізгін тіреген осы Таштан әулетінің Ақылжаннан кейінгі екінші тізгінұстары Бауыржан болатын. Ағайынды екеуі де бір кезде мемлекеттік  автомобиль инспекциясында жұмыс істеген. Олардың екеуін де жол ақысын білетін кез келген жүргізуші жыға таниды. Бір мезгілде отарға борты  бар «Уаз» автокөлігі келіп бұрылды. «Мынау келе жатқан осы малдың иесі – Әбілхайыр інім» деді Бауыржан көліктен түсіп жатқан жылы шырайлы жігіттің қолын алып жатып. Әбілхайыр келген соң-ақ, әңгіменің тізгіні ағытылып жүре берді.

– Әкеміз, -деп бастады  әңгімесін ұлдың ортаншысы, -өмірбақи шот қаққан адам. Бірақ үйде балаға қатал болды. Қызға: «қырық үйден тыю» деген қазақпыз ғой, ал, әкеміз біздің бала екенімізге қарамайтын, үйден түнге қарай бір адым аттап шығармайтын. Кейбіреулер құсап: «бастық бол» деп те айтпайтын, «басың аман, бауырың бүтін жүрсең, трактор айдап, қой бақсаң да қатарыңнан қалмайсың» дейтұғын. Әкемізден бес ұл едік, Ержанымызды мезгілсіз ажал әкетті. Кенжеміз Ерлан, арпа ішінде бір бидайдай болған Маржанымыз осы әулеттің қырмызы гүліндей болып ортамызда өсті.

-«Бақ – ұстағанның қолында қалады» деуші еді әкеміз, рас екен. Сол асыл әкеміздің тілін алып, оның аты өшпесін деп, қожалығымыздың атауын «Тұрғынтегі» қойып едік. Міне, сол әке өсиеті шығар әулетімізге ырыс қонды. Енді анамызды алақанымызға салып бағып, төрімізден орын беріп, әке орнындағы әкедей мәпелеп отырмыз. Үлкендерді қадірлесең, сыйлап, сөзін өнеге тұтсаң, нәсіп өзі келеді екен. Анамыздың айтқан тілін

алып, Әбілхайыр екеуіміз қажылыққа барып қайттық. Шынымды айтайыншы, жүрегіңде иман болса, ауылдасыңа қарайлассаң, жетім мен жесірге, мүсәпір-міскінге қолұшын берсең, Алла алдыңнан жарылқайды екен. Үлкеннің тілімен ауылымызға мешіт салып бердік. Қазір жағдайы нашар отбасыларға үйлеріне «көгілдір отын» кіргізіп беріп жатырмыз. Осының бәрі Алланың қалауымен болып жатыр, -дейді Бауыржан.

Қожалықтың Сайрамбай сияқты қойы да көп емес. Бар-жоғы сегіз отар. Атамыз қазақ қой малын байлық санаған ғой, Таштановтар да солай етті. Қазір қожалықтың бес мыңға тарта малы жайлауда жатыр. Тағы бір жолы Әбілхайырмен «Шәйсандық» асуына тура тарттық. Бұл өзі шілденің шығатын шағы болатын. Күн тамылжып тұр. Ауаның ыстығы әлі қайта қоймаған. Сондықтан болар Әбілхайыр мал өрістен қайтатын мезгілді діттеп, асуға беттеді. Алыстан мұнартып «Қарақыр» асуы көрінеді. Алайда Әбекең «Жалғызталдың» жолынан оңға бұрылып, көлігін біз бұрын жүріп көрмеген басқа шатқалға салды. Қорым тасы қойдың басындай сайдағы сүрлеу кейде өзен суын он кешіп өтеді. Шіркін, осы «Уаз» көлігін ойлап тапқан адамның басы «бас екен» дегің келеді, ойлы-қырлы, тастақты соқпақты ойыншық құрлы көрмей өрге тартып келеді. Тамыз болған соң ба, жаңа әлгінде ғана төбеден төпелетіп жауын құйып өтті. Табиғаттың онысы бізге көрсеткен «мінезі» шығар, әйтеуір Әбілхайырдың темір «тұлпары» талай қиын жолды артқа тастап, әупірімдеп «Жылыбұлаққа» да жетті.

– Енді сәл жүрсек, «Терісбұлаққа» да жетеміз,-дейді Әбілхайыр. Бұл кезде күн биік таудың басына мінгесіп те қалған. Енді сәл кешіксек ала қар астындағы асуды да, «Шәйсандықтың» масаты кілем жамылған жотасын да көре алмайтынымыз анық. Әбілхайыр келген бетте тоғыз жылдан бері қойын бағып келе жатқан Қаршыға Дәуірбаевқа: -Қареке, тездетіп қойыңды анау қырға шығар, күн батып кетсе мына әсем көріністі суретке тарта алмай қаламыз,-деп атқа шопанды баласымен бірге қондырды. Біз болса да әлгі шыбыры көп жалға жаяу өрмеледік.

Қырқаға шыққанда байқадық… Қар жатқан асуға бұлт арасынан жасырынып шыққан күн бар сәулесін төгіп тұр екен. Бір кезеңнен иығына мылтық асынған екі атты көрінді. Жаңа әлгінде қойшы: «Осы тауда ұлар бар. Біздің жігіттер кеше отыз шақты ұларды үйірімен көріпті»деген болатын. Бәлкім, олар аңшылықтан келе жатқан шығар. Кейін білдік, аңшылар еліктің еркегін аулауға барып, бос қайтыпты. Ымырт жақындаған сайын күн де тау қылаңына жасырынуға шақ қалған. Осы бір күн мен түн ауысар сәтті Қаршыға да қалт жібермей қойын алдымызда жатқан кезеңге жамырата жайып жіберіп, өзі біз отырған қырқаның төр жағынан орын алыпты. Осы ілкі сәтті біз де фотоаппарат дүрбісіне дөп түсірдік. Дәл осымызды күткендей күн де «Терісбұлақ» беліне барып бата берді.

Біз «Шәйсандық» қырқасынан құла атқа мініп ылдилай бердік. Қаршыға күркеге келген соң шешіле сөйлеп кетті: -Енді аз күнде көшеге түсеміз. Сентябрь де келіп қалды, балалар оқуға баруы керек, одан әрі қарай қой күйекке түседі. Құмдағы «Төрқұдыққа» барып отырамыз. Онда малға арналған қыстық қора да, құдық та, өзімізге арналған баспана да бар. Алатын айлық жалақымыз да жаман емес, жүз мың көлемінде. Бір айта кететінім сол, Таштановтардың малын бағатын сегіз қойшының бәрі де қызылшаруалық азаматтар,-дейді Қаршыға. Ол әкесі Жапан ақсақалдың 35 жыл бойы «Қазақстан» колхозының қойын баққанын, атасы Дәуірбайдың атымен бір көлдің аталатынын да жасырмады. Әйелі Мәрзия бұл кезде сары сиырдың сүтін қатып, күйеуінің алдына ыстық шәй қойған. Ымырт жабылып қалған мезгілде қойшының қонысына мылтық асынған екі шопан да келіп жетіп, аттан түсті.

Енді біз жайлауда отырған шопандарды түгендей бастадық. Әбілхайыр ашық-жарқын жүзді бір барболғыр жігіт екен. Екеуіміз ақшам намазын оқып алған соң жолға шықтық. Ол жол-жөнекей: «Жайлауда отырған сегіз отар қойдың жетеуі саулық, біреуі бойдақ отар екенін тілге тиек етіп: « Малшыларымыз да келісті жігіттер. Жаңағы «Жылысайда» Қаршығамен бірге аға шопандар Айбек Мырзабеков пен Мадияр Жидебаев, «Болат» сайында Абақ Құлманбетов пен Нұрлан Сұлтанбаев, «Теріс бұлақта» Әлібек Баймұратов пен Еркін Тілеуқұловтар отыр». Әбілхайыр осылайша малдың жайын жайып салды. Қожалықтың иелігінде төрт мың гектардай жайылымдық жер мен жүз гектар егіс бар екен. Егістік алқапқа арпа мен жоңышқа егеді. Үш «МТЗ-80» тракторы, бір «КАМАЗ» бен бір «Уаз» автокөлігі әзірше шаруашылықтың қысқы-жазғы жұмысына жарап тұр. Ең бастысы Таштановтар әулетін бүкіл ауыл сыйлайды.

«Атадан алтау туса да, абаданы бір бөлек» демекші, Құланның қақ төрінен «Алтын сарай» салып, тойхана мен супердүкен ашып, халықтың қалауын тауып отырған Ақылжан мен Бауыржан болса, олардың бәрінің ақылшысы аналары Нұрбүбі. Құландықтар қалалықтардың мәдениетін төріне әкелген Нұрлан Ақылжанұлының қызметіне де разы. Дүкенге қай мезгілде барсаңыз да сіздерді күндей күлімдеп Әйгерім Алтынбекқызы, Марал мен оның абысыны Рахима Таштанкеліні жылыұшырай қарсы алады.

«Бәрін айт та, бірін айт» осынау ауыл бизнесінің тізгінін ұстаған Тұрғын қарттың ұрпақтары бүгінде көпке демеуші, көңілге медеу. Олар келешекте ауыл шаруашылығы өнімдерінен, Жамбылдағы химия өнімдерінен халық тұтынатын тауар шығаратын зауыт-фабрика салуды көздеп отыр.

С.ҚОЖЕКЕ.

СУРЕТТЕ: аға шопан Қаршыға Дәуірбаев пен

 қожалық жетекшісі Әбілхайыр

 Тастанов «Шәйсандық» жайлауында.

Поделиться ссылкой: