Жеңіс туы желбіресін!
95 ViewsЖуырда Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай, Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында «Жеңіс туы желбіресін!» байқауының гала-концерті өтті. Іс-шараны Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен облыстық…
Қазақтың қабырғалы қаламгері Әзілхан Нұршайықов «Журналистер – төрт моторлы ұшаққа ұқсайды. Олар: әрі ақын, әрі тарихшы, әрі суретші, әрі ғалым. Осы төрт «мотор» жердегі жазушыны көкте самғатады» деген екен. Біздіңше, есім-сойы республикаға белгілі журналист, ақын, жазушы, Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының иегері, ауданның Құрметті азаматы Сейсенбай Шәмінұлы Қожекенің шығармашылық жолы Әзағаң айтқан әлгі сөзбен сәйкес келетіндей көрінеді. Сейсенбай Қожеке шаруасың ба, басшысың ба ол жағына мүлде алаңдамайды. Өйткені, ол шыншыл журналист.
Өткен жұмада «Ақиқаттың қызыл шоғын ақ арымен көсеген» деген тақырыппен белгілі журналист, ақын, жазушы Сейсенбай Шәмінұлы Қожекенің 70 жасқа толуына орай Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде әдеби шығармашылық кеш өтті. Кештің шымылдығы Сейсенбай Қожекенің деректі әңгімесінің желісі бойынша құрылған «Ақ сарайда атылған оқ» атты қойылым-спектаклімен ашылды. Аудандық Басқар Битанов атындағы халықтық театрдың әртістері сомдаған қойылымның көркемдік жетекшісі әрі режиссері Эльмира Асылбекова. Содан соң Сейсенбай Қожекенің сөзіне жазылған композитор Дүйсеналы Бықыбаевтың «Киелі менің Құланым» әнін Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінің әншісі Ерболат Құлышев орындады. Жыршы-термеші Нұргелді Оспанов шығармашылық кеш иесінің сөзіне жазылған «Құлан туралы» толғауды шырқап, көрерменнің қошеметіне кенелді. Әсем даусымен облыс жұртшылығын қуантып жүрген талантты әнші, ҚР Мәдениет қайраткері Мадина Сағымбекова шырқаған «Ана» және «Ағайын» әндері де залда отырған көрермендерге ұнады. Жәнібек Әміре, Әліби Жұмабек, Дінислам Мұхамет те автордың өлеңдерін оқып, көрерменнің рухын көтерді. Бұдан бөлек сахнада «Тағы да келді бір көктем» «Қарға тамыр қазағым» әндерін Ерболат Құлышев орындаса, «Айкөл» әнін Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің ұстаздар қауымы нәшіне келтіре шырқады.
Кеш соңында аудан әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаев аудан әкімінің Құттықтау хатын оқып беріп, шығармашылық кеш иесінің ғұмырлы болуына тілектес екенін жеткізді. Одан кейін аудандық мәслихат хатшысы Ербол Әбутәліпов, Жаңатұрмыс ауылының тумасы, белгілі кәсіпкер, «Сәмен батыр» Ботбай қорының төрағасы Мұсахан Иманқұлов, «Құлан-Дән» несие серіктестігі басқармасының директоры, ауданның Құрметті азаматы Рахманәлі Әбдіқадыров, орталық «Сұлтан» мешітінің бас имамы Сұлтаншәріп Жадраев, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, ҚР Ақпарат саласының үздігі, журналист Тұрсынхан Толқынбайұлы, ҚР Журналистер Одағы Жамбыл облыстық филиалының директоры Дәулет Төленді, облыстық «Ақ жол» газетінің мәдениет және спорт бөлімінің редакторы Есет Досалы және «Құлан таңы» газетінің бас редакторы Мұратбек Өмірзақов сөз сөйлеп, Сейсенбай Қожекенің қаламы қарымды журналист екенін айтты.
Марат Диханбай.