Батырдан сұхбат – оқушыларға қуат
Бүгінде адами капиталы дамыған, саналы ұрпақ тәрбиелеу мақсатында көптеген баянды бастамалар қолға алынуда. Мектеп қабырғаларында сан түрлі семинарлар мен келелі кеңестер өткізіліп, жүйелі жоспарларға негізделген жұмыстар жүргізілуде. Соның бірі жуырда қазақтың Тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтың есімі қойылған негізгі мектепте де өтті. Бірден айта кетейік, аудандағы барлық тарих пәнінің мұғалімдерін басын қосқан семинар жоғары деңгейде өтті. Аталмыш жиынға аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Кәдіржан Медеров пен Луговой ауылында орналасқан әскери әуе ғарышы бөлімінің басшылары мен қызметкерлері қатысты.
1991 жылдың 2 қазанында ғарыш кеңістігіне ел мақтанышы Тоқтар Әубәкіров ең алғашқы қазақ ретінде ұшқан болатын. Содан бері міне 30 жыл уақыт өтіпті. Байқоңырдан «Союз ТМ–13» кемесімен ғарышқа ұшқан Тоқтар Әубәкіров онда өзге ғарышкерлермен бірге биотехнология, металлургия, медицина салалары және Арал аймағы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде Арал үстіндегі тұзды шаң борамасының пайда болу процесін анықтап, сол зиянды аэрозолдардың Қазақстан мен Ресей аймақтарына таралуының ғарыштық суреттері алынды. Сондай-ақ, Қазақстан аумағындағы атмосфераны және жер бетін зерттеу, жұлдызды аспан астрофизика бақылау жұмыстары да ойдағыдай өтті. Сегіз күндік зерттеуден кейін, яғни 10 қазанда ел мақтанышы Жерге оралды. Ғарыштан оралған соң Қазақстандағы ғарыштық зерттеулердің негізін қалауға, отандық Қарулы Күштердің әскери даярлығын жетілдіруге, әскери-патриоттық тәрбие жұмыстарын жолға қоюға белсене араласты. Сондай-ақ, біз Тоқтар Оңғарбайұлының Мәскеудегі А.Микоян атындағы Тәжірибелік конструкторлық бюроның ұшқыш-сынақшысы міндеттерін атқарғанын, онда жүріп, Кеңес одағында тұңғыш рет әуедегі ұшаққа 2 рет жанармай құйдыру арқылы солтүстік полюске ұшу сапарын ерлікпен орындағанын білеміз. Сонымен қатар, 1989 жылы бірінші болып, авиатасушы крейсердің алаңқайшасына «МиГ–29к» реактивті ұшағын үлкен шеберлікпен дәл қондырғанын, реактивті ұшақтың 50-ден аса жаңа түрін сынақтан өткізгенін аңыз қылып айтып келеміз.
Жалпы дөңгелек үстел барысында аталмыш мәліметтердің бәрі айтылды. Тіпті, мектеп мұғалімдері Тоқтар Әубәкіровтен арнайы сұхбат алудың да жолын тауыпты. Олар мектеп оқушыларының сәлем хатын жолдап, оған ғарышкер бейнеролик арқылы жауап беріпті. Бейнеролик мазмұнына үңілсек, ғарышкер оқушыларды бір болуға, жақсы оқуға, үлкендердің айтқанын орындап жүруге шақырады. Тоқтар Оңғарбайұлының видео үндеуінде бізге ұнаған тұсы «Құрметті бүлдіршіндер! Ғарышкер болу – оңай шаруа емес. Бұл мамандықты меңгеру үшін мектеп қабырғасында берілетін дәрістердің барлығын меңгерген абзал. Яғни, математика, физика, тарих, география, биология сабақтарын жақсы оқу керек. Сондай-ақ, ғарышкер боламын деп армандаған әрбір адамның дене бітімі шыныққан, денсаулығы мықты болуы тиіс. Ал енді өмірлік ұстанымдар жайында сөз қозғайық. Ешқашанда намыстарыңды сатпаңдар. Екіншіден, өз айтар ойың орынды болса, жасырмағаның дұрыс. Үшіншіден, мәдениет адамның сырт келбетімен өлшенбейді. Мәдениет іште болғаны абзал . Сонда ғана сендер, Абай атамыз айтқандай, «толық адам» боласыңдар» деп өз ақыл кеңесін бейнеролик арқылы жеткізді.
Жиын соңы мектеп оқушылары даярлаған концерттік бағдарламаға ұласты.
Жәнібек СҰЛТАН.