Тәуелсіз елдің ұстазымын!
«Адам алаң үшін емес, тәуелсіздік үшін жаралған», – деп Спартак айтқандай, барлық адам бақытты болу үшін жаратылған. Ал бақытты болып, еркін өмір сүріп жүргеніміз, әрине Тәуелсіздікке тікелей байланысты. Біріншіден, қазір ойнап-күліп жүруіміз – Тәуелсіздік үшін жанын пида еткен ата-бабаларымыздың арқасында болса, екіншіден, осы егемен елді басқарып, жайқалтып отырған Елбасы мен Мемлекет басшысының арқасы.
«Жантебіреніс: Азаттық таңы атты! Тілекке Құдай жеткізді! Күні кеше құл едік – енді бүгін теңелдік!», – деген Әлихан Бөкейхановтың бұл сөзінен халқымыздың қаншама жыл бостандықты аңсағанын анық аңғаруға болады. Тәуелсіздікке күрес жолында Әлихан Бөкейхановтың да еңбегі зор екендігін айтқым келеді. Семей қаласындағы университет 2021 жылы Алаш партиясының көсемі Әлихан Бөкейхановтың атына ауыстырылды. Қаншама ұлт зиялыларының атында көшелер, мектептер бар. Ендігі тәуелсіз елдің ұстазы ретінде біздің басты міндетіміз – оқушыларға осы атаулар жайлы терең түсінік беру. Бүтіндей бір мектеп немесе университеттің атауын жай адамның атымен атамайтындығын, атауы берілсе, демек, тарихымыз үшін алатын орны зор екенін балалардың санасына сіңіре алуымыз керек.
Тәуелсіздік сөзін естігенде көз алдымызға болашағы жарқын ел, арманы асқақ жастар елестейді. Иә, біз болашағы зор елміз. Себебі, алдымызда, «Қазақстан – 2030, 2050» Стратегиялары, «Мәңгілік ел идеясын» іске асыру жолы тұр. Мәңгілік ел болып қалу үшін барлығымыз жұмыла жұмыс жасап, бірлесе күш жұмсауымыз керек. Бір мақсатта, бірлікте болу – аса маңызды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылды Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы деп атап, осы жылдары өткен жолымызды терең түсініп, ұтымды ұғынуды ұсынды. Тәуелсіздік бізге оңайлықпен келген жоқ. Оңай келмегендіктен бұл сөз бізге асыл ұғым болып қала бермек.
Ойымызды еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Тәуелсiздiк туын тiгуге қаншалықты қажыр-қайрат керек болса, оны құлатпай сақтап қалуға соншалықты қажыр-қайрат керек», – деген сөзімен аяқтауды жөн көрдім. Тәуелсіздік – ащы термен келген тәтті жеңіс. Төгілген қанның, өлмеген жігердің отымен келген ұлы күн.
Арайлым Құрмантаева,
Ғани Мұратбаев атындағы бастауыш мектептің мұғалімі.