Жаңа фельдшерлік- амбулаториялық пункт ашылды
21 ViewsРахым Сәбденов ауылында жаңа фельдшерлік-амбулаториялық пункттің ашылуы – жергілікті тұрғындар үшін үлкен қуаныш. Нысан 15 келушіге арналған. Жобаның жалпы құны 298 миллион теңгені құрайды.…
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Тұрар Рысқұлов ауданына барып, бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады.
Алдымен аймақ басшысы Қарақыстақ ауылында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өткен 250 орындық мәдениет үйінің жұмысымен танысты. Ғимараттың іргесі сонау 1976 жылы қаланған. Жуырда ғана «Капитал Инвест – Строй» ЖШС нысанға қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізіп, ауыл тұрғындарының игілігіне беріп отыр. Үш кең залдан тұратын мәдениет үйінде 14 адам жұмыс істейді. Ондағы би, вокал, домбыра, сәндік қолөнер, актерлік өнер бойынша 5 үйірмеге 42 оқушы жазылған.Бердібек Сапарбаев тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуі үшін мәдени-көпшілік шараларды жүйелі түрде ұйымдастыруды тапсырды. Бұдан кейін облыс әкімі Құлан ауылында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өткен «Сұлутөр» кинотеатрының ашылу салтанатына қатысты. Кинозалға 100 адамға дейін көрермен сыяды. Алғашқы көрсетілім ретінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздік жүрегіміздің төрінде» деректі туындысы қойылды. Мұнда жастарға тегін қызмет көрсететін караоке орталығы да бар.
– Біздің облыста мұндай кинотеатрлар көп емес. Жұмыстың жаңа түрлерін қалыптастырып, жастарды кино өнеріне баулу қажет, – деді облыс әкімі.
Луговой ауылында болған аймақ басшысы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысымен де танысты. Мердігер «ХМСУ Шымкентмелиорация» ЖШС-і нысанды келер жылдың басында пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың маусым айында басталған. Жобалық құны – 396 млн. теңге.Мердігер бекітілген кестеден айтарлықтай артта қалып келеді. Облыс әкімі серіктестіктің жұмысын және құрылыс барысын бақылап отыруы тиіс жауапты тұлғаларды сынға алды. Бердібек Сапарбаев мердігерден жұмыс қарқынын арттыруды талап етіп, олай болмаған жағдайда қатаң шаралар қолданылатынын атап өтті. Өрнек ауылында өткен жылы 140 орындық «Қарлығаш» балабақшасы пайдалануға берілді. Балабақшаның құрылтайшысы Қаракөз Өскенбаева балаларға арналған үйірмелер мен секциялар орталығын ашуға ниетті екенін жеткізді. Бердібек Сапарбаев жергілікті билік жан-жақты қолдау көрсетеді деп сендірді және балабақшаның жұмысына оң бағасын берді.
Жұмыс сапарының соңында облыс әкімі аудан активімен жиын өткізіп, тиісті тұлғаларға өзекті мәселелерді шешу бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
Үш ауылға газ берілді
Аудан аумағындағы 3 ауылға газ берілді. Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев екі ауылдық округтегі көгілдір отын қосу рәсіміне қатысты.
Ақниет ауылдық округінің құрамындағы Д.Қонаев және Әбілқайыр ауылдарында барлығы 1300 тұрғын тұрады. «Отау – Строй» ЖШС мердігерлік ұйымы мұндағы құбыр жүргізу жұмыстарын мерзімінен бұрын аяқтап, тапсырып отыр.
Облыс әкімі газ және ауыз сумен қамту – өңірдің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамытудағы негізгі басымдықтар екенін атап өтті.
– Жыл сайын көптеген ауылдар көмір мен отын жағудың азабынан арылуда. Тұрар Рысқұлов ауданында жыл соңына дейін 7000 тұрғынды қамтитын 10 ауылға көгілдір отын беріледі. Нәтижесінде аудандағы халықты газдандыру үлесі 99 пайызға дейін жетеді. Жауапты тұлғалар газдың әр үйге жетуін қадағалайтын болады. Бұл игіліктерге тұрғындар Мемлекет басшысының қолдауының арқасында қол жеткізуде. Осылайша, сіздердің ауылдарыңызда ауыз сумен қамтамасыз ету, жолдарды жөндеу, мектеп пен медпункт салу мәселелері толығымен шешілді.
Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде еліміз көптеген қиындықтарды еңсеріп, сан сала бойынша алдыңғы қатардан көріне білді. Еліміз нығайып, гүлдене берсін!, – деп облыс әкімі жиналғандарды қуаныштарымен және Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады.
Сондай-ақ, бұл күні 2700 тұрғын тұратын Жаңатұрмыс ауылына да газ берілді.
– Мемлекет басшысына, облыс әкіміне қамқорлықтары үшін алғыс айтамыз! Ауылымызда мектеп, медициналық пункт салынды, бүгін газ беріліп отыр. Әрбір азамат тәуелсіздіктің жемісін сезінуде, – деді жаңатұрмыстық Светлана Прокофьева. Биыл Жамбыл облысында 20 елді мекен (16 мың адам) табиғи газбен қамтамасыз етіледі, нәтижесінде халықты газдандыру үлесі 88,6 пайызға дейін жетеді.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі.