Қорағатыға газ, Құмарыққа ауыз су келді
Ауыл тұрғындарына жайлы жағдай жасау – мемлекет басшыларының басты міндеті. Осы бір қағиданы қаперіне сақтап алған аудан басшылары бүгінде бірқатар игі бастамаларды қолға алып, өз мәресіне жеткізуде. Соның бірі әрі бірегейі – шалғайда жатқан Қорағаты ауылына көгілдір отын жеткізу еді. Иә, дұрыс оқып отырсыз. Аудан орталығынан 40 шақырым алыс жатқан Қорағаты елді мекенінде енді көгілдір отын бар. Білесіз бе?! Бұл сәтті ауыл тұрғындары 67 жыл сарыла күткен болатын. Енді міне, көпшілік сол қуанышқа ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында қол жеткізіп отыр. Өткен аптада ауыл тұрғындарының көптен күткен қуанышты сәтіне аудан әкімі Ерболат Садырқұлов куә болып қайтқан болатын. Салтанатты іс-шарада сөз сөйлеген аудан басшысы өңірде атқарылып жатқан жұмыстар мұнымен тоқтап қалмайтынын, алда әлі де бірге іске асыратын ілкімді істер көп екенін тілге тиек етіп, ауыл тұрғындарын ел Егемендігінің 30 жылдығымен құттықтады.
Салтанатты жиын соңында ауыл ақсақалдары мен тұрғындары осы қуанышқа қатысы бар тұлғаларға өз аттарынан алғыстарын жеткізді.
Аудан әкіміне өз алғысын тек қорағатылықтар ғана емес, құмарықтықтар да жаудырды. Себебі, тау бөктерінде орналасқан ауылға ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай таза ауыз су берілді. Өткен жылы басталған елді мекендегі ішкі су жүйелерінің құрылысы бүгінде толығымен аяқталған. Нәтижесінде Құмарық, Қаракемер және Алғабас елді мекендері орталықтандырылған ауыз сумен жабдықталып, аталған ауылдардың тұрғындары сапалы тіршілік көзімен қамтылып отыр.
Бүгінде аудандағы 42 елді мекеннің 26 ауылы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Алдағы уақытта дәл осындай жұмыстар өз жалғасын тауып, аудан халқын 2025 жылға дейін 100% таза ауыз сумен қамтамыз ету жоспарланып отыр.
Жәнібек СҰЛТАН.