Тәуелсіздік – ата-бабалардың ары бұл!

460 Views

Ата-бабамыздың асыл арманы мен ұлы мұраты болған Тәуелсіздік таңының арайлы шапағатын көзбен көріп, жүрекпен сезініп жүргенімізге биыл 30 жыл толып отыр. Қазақстан халқы үшін бұл үлкен қуаныш әрі теңдесі жоқ тарихи кезең. Тәуелсіздік –біздің басты ұранымыз, көгілдір Туымыз, болашақ бағымыз, нұрлы таңымыз. Осыны түсінген ел ғана ұдайы даму үстінде болатыны хақ.

Ел Егемендігі ұлықталған күні ауданда бірқатар маңызды іс-шаралар өтті. Солардың бірі – көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, қазақ халқының жанашыры, Түркістан Республикасы Халық комиссарлары Кеңесінің төрағасы, Түрксіб құрылысының негізін салушы Тұрар Рысқұловтың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Оған аудан әкімі Ерболат Садырқұлов, мәслихат депутаттары, ардагерлер және қоғамдық кеңес мүшелері, бірқатар бөлім басшылары, аудан тұрғындары мен жастары қатысты.
Тағзым ету іс-шарасынан кейін қатысушылар Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырылған салтанатты шараға бас сұқты. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай өткізілген «Тәуелсіздік – тірегім!» атты салтанатты жиынға Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек арнайы келіп қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
Аймақ басшысының орынбасары өз сөзінде қазақ елінің сан түрлі қиын-қыстау кезеңдерден өткенін, сол арқылы баға жетпес Тәуелсіздікке, армандаған Азаттыққа қол жеткізгенін атап өтті. Ізінен ауданның экономикалық-әлеуметтік, рухани өркендеуіне үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарға мерекелік медальдарды тапсырды. Сондай-ақ, салтанатты жиында аудан басшысы Ерболат Салқынбекұлы мен аудандық мәслихат хатшысы Ербол Абақұлы да сөз сөйлеп, еңбегімен еленген жандарға «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 30 жыл», «Желтоқсан оқиғасына – 35 жыл», «Халық алғысы», «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медальдары мен «Жомарт жүрек» сыйлығын, облыс әкімінің Құрмет грамотасын және аудан әкімінің Алғыс хатын салтанатты түрде табыстады. Айта кетейік, аталмыш жиында ауданның Құрметті азаматтары қатарына кірген жандар да анықталып, оларға тиісті марапаттары табыс етілді.
Марапаттаулардан кейін салтанатты іс-шара өңірдің өнерпаздары даярлаған мерекелік концертке ұласты.

Ж. Базылбек.

Поделиться ссылкой: