«ЖЕЛТОҚСАН – ТӘУЕЛСІЗДІК БЕСІГІ» немесе Луговой ауылындағы теміржолшылар клубында өткен мерекелік іс-шарадан туған түйдек ой

487 Views

Иә, қазіргі таңда жер-жерлерде өтіп жатқан Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған іс-шаралар қаймана қазақты үйде отырғызбай көшеге шығарды. Іргеңде табаныңды поезд дүңкілдетіп, көшеңде шал-шауқан күңкілдесіп Азаттық күні туралы тебірене сыр шертіп жатса, қайтіп үйде тыныш жатасың? Аудандық білім бөліміне қарасты балалар мен жасөспірімдер орталығы ұйымдастырған осынау шараға киіміне мазут иісі сіңген теміржолшы да, қолына жалау ұстаған жасұлан да келіпті. Әсіресе, 1986 жылы азаттықты аңсап, алаңға шыққан желтоқсаншылардың қарасы көп пе деймін. Өйткені олар Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығын тілектес, ниеттестерімен бірге атап өтуді жөн көріпті.
Осынау кешке келген тұрғындардың алдында Луговой ауылдық окру­гінің әкімі Мұратбек Сванов татымды сөз сөйлеп, Тәуелсіздігіміздің таңдайдағы тәтті ұғым екенін, 30 жылдық мерейлі мерекенің бәрімізге ортақ сый екенін тебірене айтты. Одан соң жақында ғана құрылған аудандық «Құландық желтоқсан ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жорабек Әнуарбекұлы мен Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, желтоқсанға қатысқан Әлімжан Айымбеков сөз алып, жиналған жұртшылықты төл мерекелерімен шын жүректен құттықтады. Артынша сахнаға көтерілген Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының иегері, журналист, ақын Сейсен Қожеке өзінің желтоқсан қаһар­маны Ләззат Асановаға арнаған «Сүмбіле сұлу сұңқарым» атты толғауын оқыды. Суретші Ә. Айымбеков балалар мен жасөспірімдер орта­лы­ғының директоры Айдар Жұмағұловқа өзі салған Ләззат Асанованың портретін тарту етті. Залға жи­нал­ғандар бұл кезде жел­тоқсан көтерілісіне байланысты көрсетіл­ген сахналық қойылым­нан алған әсерін әлі де ұмыта алмай отырған болатын. Осы тұста желтоқсаншы, суретші Әлімжан тосын сый жасады. Ол жұбайы Гүлнар жеңгей екеуі Сейсен Қожекенің 70 жылдық мерейтойына орай өзі салған жазушының автопортретін тарту етті.
Кеш өте қызықты әрі мазмұнды өтті. Патриоттық әндер ай­ты­лып, күй тарты­лып, экраннан бейнетүсірілімдер көрсетіліп жатты. Аудандық балалар мен жасөспірімдер орталығының педагогтары Эльзат Тілеубаева мен Асылбек Үмбеталиев осы шараға өте тыңғылықты даярланыпты. Кеш соңында аудандық мәслихат хатшысы Е.Әбутәліпов, Луговой ауылдық округінің әкімі М.Сванов және Ж.Әнуарбекұлы бір топ азаматтарға алғыс хаттар мен Құрмет грамо­таларын және мерекелік медальдар табыс етті.

М.Диханбай.

Поделиться ссылкой: