ТӨБЕМІЗДЕН ЖАЙ ТҮСКЕНДЕЙ БОЛДЫ

613 Views

Қазақ айтады: «Жау қай­да?» деме – жар астында» деп. Қаңтар айының төрті күнгі пиғылы бөтен бүлік­шілердің Алматыға салған ойра­нын естіп төбемізден жай түс­кендей болды. Тып-тыныш жатқан қала тұрғындарының содан бері түн ұйқысы қашты. Қаш­пай қайтеді? Іргеңде атыс-шабыс болып жатса…Сонда бұл содырлар осы уақытқа дейін ішімізде бұғып жатқан ба? Егер Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев шұғыл шешімге келіп, ұжымдастық шартына қол қойған көрші мемлекеттердің қарулы күштерін шақырмағанда күніміз не болар еді…? Мемлекет басшысы осынау қысыл-таяңда өте парасатты шешім қабылдады.

Мен ауылдан кеткелі Алматыда тұрамын. Бірақ, менің жүрегім ел жаққа да алаңдаулы. «Елде, Таразда не болды екен, ел аман, жұрт тыныш па? Туған ауылым Жарлысу бүліктен аман ба?» деген күптігей ой жатсам-тұрсам маза бермейді. Өнер мен мәдениет қайраткері болған соң, бәріне де жаның ашиды. Көшеде қаңғыған оқ болса бір сәрі, қастандық оғы кеп дүкенге нан алуға шыққан он екі жасар бүлдіршіннің өмірін қиды да кетті. Сөйтіп, бір ана аңырап қалды. Ал, үйінен сұранбай, жөнін айтпай алаңға шығып кетіп содырлардың айтқанына еріп елге азық-түлік, басқа да игіліктерді сататын қаншама супермаркеттер мен технодомдарды, шағын да үлкен сауда орындарын тонап, күлге айналдырды олар. Осыны әлгі содырға айналған бозбала үйінен шыққанда «бүлдіремін» деп ойлаған да жоқ шығар. Олар ел ішінде арнайы дайындалған лаңкестердің үгітіне еріп, солар таратқан қаруды алып, туғанына, туысқанына оқ атты. Ойпырай, он ұйықтасаң түсіңе кірмейтін нәрсе…Күні кеше ғана көшемізде, жанымызда бірге жүрген бауырларымыз, олардың ішінде сақалдылары да бар, өзіңе қаратып оқ атады деп кім ойлаған!..
Бұл расында Мемлекет басшысы айтқандай, мемлекеттік төңкеріс жасауға ниеттенген террористердің әрекеті болды. Сондықтан сақ жүрейік, ағайын! Қалада әлі толық тыныштық орнаған жоқ. Бәлкім жанымызда сол бір сойқанға қатысқан лаңкестер әлі де жүрген шығар. Кімге болса да күмән-күдікпен, сезікпен қарайтын күн туды. Қ.К.Тоқаев 10-шы қаңтарды жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Арамыздан о дүниелік болып кеткен ерлерімізді еске алып, кеше ғана олардың рухына тағзым еттік. Бәрі де орнына келер, бірақ адам баласының пиғылы өзгермесе екен деймін. Иә, діни дүниетаным бір бөлек, ал, исламның шапанын киіп алып «жиһад» жасаймын» деп жүргендер қатты жаңылысады. Сондықтан шетелден келген діни радикал-экстремистердің азғыруына ілеспейік, ағайын.
Қала тынышталып келеді, ал ауыл ше? Аман болайық, аман болыңыздар, ағайын?!
Жалғас Толғанбай,
Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген қайраткері,
Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры директорының орынбасары.

Поделиться ссылкой: