Аудан басшысы кітапханаға кітап сыйлады
54 ViewsӘулиеата өңірінде кітап оқу мәдениетін дамыту мақсатында бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Осы орайда, өткен аптада аудан әкімі Ернар Есіркепов кітапхана қызметкерлерімен жеке кездесіп,…
Мен өзі партия ардагерімін. Еліміздің басына түскен қасіретті жағдайды жүрек толқи отырып баяндаған Президентіміздің әр сөзін жайбарақат қабылдау тіпті мүмкін емес. КСРО тарағанда мұндай күйде болған жоқ едік. Ал, мынау Тәуелсіз ел атанғанымыздың 30 жылдығын атап өтіп отырған мезгілде бәрімізді есімізден тандыратындай халге ұшыратқан күрделі оқиға, тіпті Мемлекет басшысы айтқандай, мемлекеттік төңкеріс болды. Лаңкестік, яғни террорлық агрессия біздің мемлекеттігімізге қауіп төндіргенін баяндамашы Мәжіліс депутаттарының алдында сөйлеген сөзінде анық та айқындап айтты. Біздің қазақ халқы мұндай тосын төңкеріске дайын емес болатын. Тіпті мемлекеттік органдардың өзі осынау террорлық әрекетке табанда тойтарыс беруге қауһарлы емес екенін, сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік Шартына қол қойған көрші елдердің бітімгершілік контингентін шақыруға мәжбүр болғанын айтты. Бұл расында ең дұрыс шешім еді. «Әйтпесе біз Алматыдан, одан соң бүкіл елімізден айырылып қалатын едік» дейді Мемлекет басшысы.
Иә, мұндайды үлкендер: «періште қаққан екен» дейді. Әйтеуір Мәшһүр Жүсіп айтқандай, бір қатерден аман қалдық. Мемлекет басшысы ел басына қауіп төнгенде ақ жолдан жалтарып, кейбіреулерге ұқсап шетел асқан жоқ. Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мен не болса да халықпен бірге боламын» деді. Бұл басшымыздың ел патриоты екенінің белгісі ғой. Депутаттар отырысында сөйлеген сөзі де көкейге қонымды. Ол мемлекеттік, әкімшілік басқару, қарулану, экономикалық және идеологиялық салалар бойынша алда тұрған міндеттерге егжей-тегжейлі тоқталып өтіп, Жаңа Үкімет құрып, оған омыртқасы бүтін он тапсырма берді.
Баяндамашы өз сөзінде шенеуніктердің бойкүйездігі мен жұмысына немқұрайды қарайтынын сынға ала келіп, елдегі реформаның алға жылжуына кедергі болып отырған бюрократиялық кертартпалық екенін баса айтты.Ол өз сөзінде білім, мәдениет, құқық қорғау салаларын түгел қамтыды. Сөзінің соңында: «Біздің күшіміз бірлікте. Енді Қазақстан дамуының жаңа кезеңі басталды. Ал, халқымыз үшін Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деді.
Расымен де, бірлік биікке жеткізеді. Бұл қиын-қыстау кезеңнен де өтерміз. Ең бастысы – елдің дамуы үшін әрқайсымыз жан-жақты үлес қоссақ, нәтиже шығары айдан анық. Ендеше, жаңа Қазақстанды бірге құрайық, ағайын!
Тәу етер Тәуелсіздігіміз мәңгілік болғай! Ел аман, жұрт тыныш болсын!
Әлихан Жолшыбеков,
зейнеткер,
партия ардагері.
Ақыртөбе ауылы.