Мемлекет басшысы күштік құрылымдардағы қаза болған қызметкерлердің отбасы мүшелерімен кездесті

464 Views

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда қайғылы оқиға кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлері мен әскери қызметшілердің туған-туыстарымен кездесті. Мемлекет бас­шысы қайғыра көңіл айтып, отбасы мүшелерімен әңгімелесті. Оларға мемле­кет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті.

– Олар халқымыздың қауіпсіздігі үшін, еліміздің болашағы үшін өз жанда­рын құрбан еткен нағыз батырлар. Біз олардың ерлігіне тәнтіміз, ешқашан ұмытпаймыз. Олар халқымыздың жадында мәңгі сақталады. Сіздердің отбасы­ларыңыз назардан тыс қалмай­ты­нына сөз беремін. Баспана болсын, бала­лардың оқуы болсын, барлық мәсе­леге әрқашанда көмек көрсететін боламыз, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев әскери және қызметтік міндетін орындау кезінде көрсеткен батырлығы мен жанкештілігі, мемлекет мүддесін қорғау барысында көрсеткен ерліктері үшін біріне жар, біріне әке болған марқұмдарға берілген наградаларды туған-туыстарына табыс етті.
Атап айтқанда, ҰҚК Шекара қызметі академия­сының кафедра бастығы Андрей Кабдиновтің жары мен ұлына II дәрежелі «Айбын» ордені, Алматы қала­сы Алмалы ауданы полиция басқар­масының полиция-жүргізушісі Әлен Асылхановтың жарына, сондай-ақ, Алматы қаласы Алмалы ауданы полиция басқармасының полиция-жүргізушісі Ринат Камбетовтің жарына III дәрежелі «Айбын» ордені берілді.
Содырлар қолынан қаза тапқан марқұмдардың туыстары бұдан былай біздің елімізде дәл осындай қайғылы оқиғаның болмайтынына сенім білдірді.

Аkorda.kz

Поделиться ссылкой: