Жамбыл облысының 2024 жылғы экономикалық өсімі 4,3 пайызды құрады

284 Views

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кеңейтілген әкімдік мәжілісінде өңірдің 2024 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары қаралды.

Талқылау алдында облыс әкімі Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы белгілеген алдағы кезеңдегі негізгі міндеттерге кеңінен тоқталды.
Бірінші – экономиканы әртараптандыру. Облыс әкімі инвестиция тарту жұмыстарын күшейтудің маңыздылығына тоқталды. Өткен жылы Жамбыл облысында 214,0 миллиард теңгенің 35 инвестициялық жобасы жүзеге асырылып, 1,5 мың жұмыс орны ашылды. 2025 жылы 555,0 миллиард теңгені құрайтын 33 жобаны жүзеге асыру міндеті тұр.
Екінші – инфрақұрылымды дамытудың жаңа деңгейіне көшу. Биыл облыста жылу желілерінің тозу деңгейін 53 пайызға дейін төмендету көзделіп отыр. Ағымдағы жылдың соңына дейін сумен қамтамасыз ету деңгейі 100 пайызға, табиғи газбен қамтамасыз етілу деңгейі 91,8 пайызға жетуі тиіс.
Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 99,5 пайызға, көше және жол желісі 89 пайызға дейін ұлғайтылады. 2025 жылы 770 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 361 пәтер сатып алу, «Әулиеата жастары» бағдарламасы бойынша 150-ге жуық жас отбасын баспанамен қамту жоспарлануда.
Үшіншіден – цифрлық технологияларды кешен­ді енгізу. Облыс әкімі цифрландыру және архив­тер басқармасына ұялы байланыстың сапа­сын арттыру, жасанды интеллектіні дамыту, Тараз қала­сын­дағы ІТ-хаб жұмысын жандандыру бойын­ша бірқатар тапсырмалар берді.
Төртінші – энергетиканы дамыту және ядролық кластерді құру.
Мойынқұм, Сарысу және Талас аудандарында жаңартылатын энергия көздері саласында 3 ірі жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Сондай-ақ, Тараз қаласында 200 МВт құрайтын бу газ қондырғысы орнатылады.
Бұл жобалар Мемлекет басшысының оңтүс­тік аймақтағы электр желілерін күшейту тапсыр­ма­сына сай келеді.
Бесінші – агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін күшейту. 2025-2027 жылдары агроөнеркәсіп кешенінде 67,4 миллиард теңгенің 22 жобасын жүзеге асыру жоспарлануда. Осылайша сүт өндіру көлемі 6,5 пайызға, сақтау көлемі 10 пайызға артады. Сондай-ақ биыл «Fufeng Group»компаниясымен бір­лесіп қуаттылығы 500 мың тонна жүгеріні терең өңдейтін бірегей зауыттың құрылысы басталды. Ауыл шаруашылығы техникасын құрастыруға бағытталған 2 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.
Алтыншы – салық-бюджет саясатын рефор­ма­лау. Облыстық бюджеттің кіріс бөлігі 100,2 пайызға орындалды. Жергілікті бюджеттердің меншікті кірістері 100,7 пайызға орындалып, 1,3 миллиард теңгені құрады. Сондай-ақ, облыс әкімі Президенттің маңызды жобаларды қаржылай қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы аясындағы бірқатар міндеттерді атап өтті.
Жетінші – әлеуметтік қолдауды оңтайландыру және денсаулық сақтау, білім беру және ғылым саласын одан әрі дамыту. Биыл 21 білім беру нысанының құрылысын аяқтау, 13 нысанды күрделі жөндеуден өткізу жоспар­лануда. Жалпы сомасы 1 486,7 млн. теңгеге 4 ірі медициналық нысанда күрделі жөндеу жұмыс­тары жүргізіледі.
Жұмысшы мамандықтары жылы аясында облыс әкімі өңірге қажетті мамандықтар тізімін анықтап, сұранысқа ие кадрлар даярлау үшін колледждерге бағыт-бағдар беруді тапсырды.
Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында мемлекеттік тапсырыс көлемі 8 500 орынға дейін артады. Нысаналы мемлекеттік тапсырыс шеңберінде кәсіпорындардың өтінімдері бойынша 500 студент оқытылады.
Облыс әкімі барлық бағыттар бойынша жедел шешімдер қабылдап, Президент тапсырмаларының дер кезінде орындалуын қамтамасыз етуді міндет­те­ді.
Басқосу барысында экономика және бюджеттік жос­парлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абралиева 2024 жылдың қорытындысы туралы есеп берді.
Өткен жылы Жамбыл облысының экономи­калық өсімі 4,3 пайызды құрады. Ең жоғары өсім өнеркәсіп (1,9%), құрылыс (16,2%), тұрғын үй құрылысы (4,5%), сауда (2,9%), көлік (9,9%), бай­ланыс (7,9%) салаларында байқалды. Негізгі капи­талға салынған инвестицияның жалпы көлемі 506,8 миллиард теңгені құрады. Есепті кезеңде 759 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бюджет қаражаты есебінен 1 159 пәтерлі 26 үй, ал жеке инвесторлар тарапынан 1547 пәтерлі 38 үй та­бысталды.
Әр сала бойынша жоспарды орындай алма­ған бірқатар аудан әкімдері мен басқарма басшы­ларының есептері тыңдалды. Ербол Қарашөкеев өнер­кәсіп және инвестиция тарту салаларындағы елеулі кемшіліктерге тоқталды.
Бейінді ведомствоға «Тараз» ӘКК, Тараз және аудандар әкімдіктеріне экономикаға қосымша инвестициялар ағынын қамтамасыз ету үшін үйлестіру жұмыстарын күшейту тапсырылды.
Іскерлік байланыстарды кеңейте отырып, әкімдер әлеуетті инвесторларды өздері тауып, әр ауданның ерекшелігін ескере отырып жобалар ұсынуы тиіс. Оның нәтижелері өңір басшысының қатысуымен өтетін ай сайынғы кеңесте талқы­ланатын болады.
Облыс әкімі 2025 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша жауапты тұлғаларға қатысты қойылған тапсырмаларды орындамағаны үшін шаралар қабылданатынын баса айтты.
– Мемлекет басшысы нақты іс-әрекеттер мен батыл шешімдер қажет екенін атап өтті. Жауап­­ты тұл­ғалар жүктелген міндеттердің орын­далуы­на толық жауапкершілікпен қарауы тиіс. Біз мемле­кеттік қолдау құралдарын барынша пайда­лануы­мыз керек. Бюджет қаражатын үнем­деп, тек әлеу­мет­тік маңызы бар жобаларды қаржы­ландыру қа­жет. Түпкі мақсат – азаматтардың өмір сүру дең­гейін арттыруға бағытталған экономикалық өсуді қамта­масыз ету, – деп түйіндеді сөзін облыс әкімі.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Поделиться ссылкой: