НӘЗІКТІК пен ҚАЙСАРЛЫҚ тоғысқан жол
12 ViewsЖуырда Тараз қаласында бокстан 2009-2010, 2011-2012 және 2013-2014 жылдары аралығында туылған жастар мен жасөспірім қыздар арасында Жамбыл облысының чемпионаты өтті. Жарыс қорытындысы бойынша №24…
Жуырда Тараз қаласында бокстан 2009-2010, 2011-2012 және 2013-2014
жылдары аралығында туылған жастар мен жасөспірім қыздар арасында
Жамбыл облысының чемпионаты өтті. Жарыс қорытындысы бойынша №24
балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері жүлделі
орындарға ие болды. Атап айтқанда, жасөспірімдер арасынан Шоқан
Уәлиханов атындағы шағын орталықты орта мектебінің оқушылары Сымбат Мырзәлім 33 келі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, жеңіске жетсе,
Аружан Мырзәлім 44 келі салмақ дәрежесінде бақ сынап, жүлделі 3-орын
алды. Ал Қорағаты орта мектебінің оқушысы Аяжан Бахытбек 49 келі
салмақта жеңістің тұғырынан көрініп, жеңімпаз атанды. Абай атындағы
орта мектебінің түлегі Аянат Төленбай 70 келі салмақ дәрежесінде жеңіс
туын көкке көтеріп желбіретті.
Жастар арасынан сынға түскен Қорағаты орта мектебінің оқушысы
Аружан Бахытбек 54 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, жеңімпаз
атанды. Және Құлан агротехникалық жоғары колледжінің студенті
Айдана Әбдікерім 65 келі салмақ дәрежесінде топ жарып, үздіктердің
қатарынан көрінді. Ақбұлақ орта мектебінің оқушысы Тоғжан Тұрарқызы
70 келі салмақта жеңіске жетті. Жолы – жіңішке, жұдырығы – жуан, күрзі
жұдырықты бұрымды боксшылардың жаттықтырушысы, аудандық, тіпті
республикалық деңгейдегі бапкер Есдәулет Құрмантаев екенін осы арада
нақтылап кеткеніміз абзал. Жалпы Есдәулет Құрмантаевтың – мықты
бапкер екенін спорт саласында жүрген жандар жақсы біледі. Сондықтан бапкерге ауданымыздың спорт саласына өз үлесін қосып, талантты, мықты
жас спортшыларды тәрбиелеп жатқаны үшін алғысымызды білдіреміз.
Бокс – үлкен төзімділік пен қайсарлықты талап ететін спорт түрі.
Жеңіске жету үшін талмай еңбектеніп, барынша әрекет жасау қажет. Бұл
жетістік – нәзік аруларымыздың табандылығы мен жаттықтырушының
қажырлы еңбегінің жемісі, әрбір дайындығының көрінісі. Қыздардың бұл
жеңісі – өңіріміздегі кіші буынға үлгі болары сөзсіз. Жас спортшылар
болашақта әлі талай дүбірлі додада өнер көрсетіп, асқарлы шыңдар мен
биік белестерді бағындырады деп сенеміз.
Айым НҰРБЕКҚЫЗЫ